RU KZ

Баспасөз орталығы

Енді қалдықтарды сұрыптап, пайда табуға болады

Поделиться:

Экологтардың мәліметінше, елде әрбір тұрғын жылына шамамен 42 келі пластик қалдығын тастайды. Қазақстан қаптамашылары қауымдастығының дерегінше, республикаға жыл сайын 1,5 млрд дана ПЭТ-бөтелке басқа елдерден жеткізіледі. Оның 10%-ға жетпейтін бөлігі ғана өңделеді, ал қалған пластиктердің қайда кетіп жатқаны белгісіз. Ғалымдар бұл мәселеге уақытында көңіл бөлінбесе, экологияға орны толмас зиян келуі мүмкін екенін айтады. inbusiness.kz тілшісі елде пластиктерді сұрыптау неге маңызды екенін, тұрғындар қалдықтарды өткізіп, қалай пайда табалатынын біліп көрді.

«ӨКМ Операторының» ақпаратына сәйкес Қазақстанда қалдықтарды жинайтын 153 мекеме тіркелген. Оның 20-сы Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді. Алайда елорда тұрғыны Жұлдыз Шарапиева пластикалық бөтелкелерді арнайы орынға өткізу қиын екенін айтады. «Мен 3 ай бойы пластикалық бөтелкелер пен қалбырларды жинадым. Нәтижесінде 5 келі қалдық шықты: 4,5 келі пластикалық бөтелке, 0,5 келі қалбыр. Енді жинаған ПЭТ-бөтелкелер мен қалбырларды тапсырайын десем, оларды қабылдайтын орындар қаланың шетінде екен», – деді тұрғын.

Ол такси жалдап, қалдық қабылдайтын орынға пластикалық бөтелкелер пен қалбырларды өткізіпті. «Барлығына 540 теңге алдым. Мұндағы мәселе қанша ақша алғанымда емес. Проблема пластикалық бөтелке мен қалбырды тапсырудың қиындығында болып тұр. Неге үйдің жанында оларды қабылдайтын фандомат орнатпасқа? Тәтті сусын, су шығаратын компаниялар өз өнімін сатып, көл-көсір пайдаға кенеліп жатыр. Олар неге экологияны ойламайды?», – деді Жұлдыз Шарапиева.

«Қазақстан қаптамашылары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров ПЭТ-бөтелкелерді тастау проблема болмауы керек деген пікірде.

«ПЭТ-бөтелкелер қоқыс контейнеріне де, полигонға да тасталмауы керек. Сондықтан әрбір үйдің ауласында пластикалық бөтелкелерді қабылдайтын фандомат орнату керек. Кейін ол толған кезде арнайы көлік келіп, ПЭТ-бөтелкелерді алып кетеді. Енді тұрғындарды қоқысты сұрып тастауға ынталандыру үшін оларға ақша беру керек қой. 1 бөтелке үшін 5 теңге дейік. Мысалы, 10 бөтелкені фандоматқа тастадың, 50 теңге пайда таптың», – деді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, фандоматтарды орнату бойынша пилоттық жоба Қарағанды облысы немесе Шымкентте жүзеге асырылуы мүмкін. «Бүгінде ірі сусын, су өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазір бізді тек бір компания қолдады. Бірақ біз жұмыс істеп жатырмыз. Алғашында 50 фандоматты сатып алып, сауда орталықтары, мектептер, базар, ХҚКО-ларда орнатқымыз келеді», – деді Батырбек Әубәкіров. Ол жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаражат керек екенін атап өтті. «Шамамен 200 млн теңге керек (жобаны елдің барлық өңірінде жүзеге асыру үшін – автор)… 1 фандомат шамамен 3 млн теңге тұрады. Оны кім сатып алады? Қауымдастықта ондай ақша жоқ. Бірақ біз қаржының жарты бөлігін шығаруға дайынбыз. Алайда пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін ірі сусын, су өндірушілердің көмегі керек. Себебі олар пластиктегі өнімдерін сатып, қомақты пайда тауып жатыр ғой. Олар да экологияны ойлауы керек», – деді басшы.

Батырбек Әубәкіровтің пікірінше, пластик қалдықтарды өңдеу мәселесіне бүгіннен бастап шешілуі керек. «Тұрғындар қалдықтар көп емес шығар деп ойлайды. Мысалы, Қазақстанның жері кең ғой. ПЭТ-бөтелкелерді жел ұшырып әкетеді, адамдар оны көрмейді, мәселе осымен шешілді дейді. Жыл сайын елге 1,5 млрд-тан аса пластикалық бөтелке сырттан келеді, оның 10%-ға жетпейтін бөлігі ғана өңделеді. Қалған 90% қалдық жерді, суды ластап жатыр. Ал оларды өртеп, ауаны ластаймыз. Ашығын айтқанда, біз экологиялық апат алдында тұрмыз. Сондықтан аталған мәселеге назар аударуымыз керек», – деді басқарма төрағасы.

Сондай-ақ «ӨКМ Операторының» баспасөз хатшысы Жомарт Рақымжан қоқыс өңдеуде жаңа жоба іске қосылғанын жеткізді. Енді мүлік иелері бірлестігі (бұрынғы ПИК (КСК)) қалдықтарды сұрыптап, қосымша пайда таба алады. «Биыл тамызда EcoQolday Home бағдарламасын іске қостық. Жобаның мақсаты – қалдықтарды сұрыптап, пайда табу. Оларды контейнерге, полигонға жеткізбей сұрыптауымыз керек. Бағдарламаға кез келген мүлік иелері бірлестігі (МИБ (ОСИ)) қатыса алады», – деді Жомарт Рақымжан.

Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар тұрғын үй кешеніндегі бос орынды тауып, сол жерге қалдықтарды: қағаз, шыны, пластикті жеке-жеке жинауы керек. «Кейін тұрғындар қалдықтарды EcoQolday мобильді қосымшасы арқылы сатып алушыларға өз бағасын ұсынады. Соңғысына баға ұнаса, қоқысты сатып алады. Оны қос тарап өзара келіседі. Қоқыстан түскен ақшаны МСБ үйдің ауласын, подъездің ішін жөндеуге, ауланы абаттандыруға және тағы басқа мақсатта жұмсай алады. Оны тұрғындар өзара ақылдасып шешеді», – деді баспасөз хатшысы.

Сөз соңында ол қаладағы мүлік иелері бірлестігі мүшелері мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

inbusiness.kz: 

2016-2018 © ТОО «Оператор РОП»
Любое использование материалов сайта recycle.kz допускается только с письменного разрешения ТОО «Оператор РОП».

Басшы блогы

Қызықтырған сауалдарыңызды жолдаңыз

Сұрақ қою Сұрақ-жауап
Медет Құмарғалиев «ӨКМ Операторы» ЖШС
Басқарма төрағасы
ӨКМ қағидасы енгізілгеннен бастап жиналды және қайта өңделді:
Автокомпоненттер
252820 тонн
Металл қаптама қалдығы
473 тонн
Макулатура
116499 тонн
Шыны
62065 тонн
Пластик
28251 тонн
Жоюға қабылданған ескі көліктер:
САНЫ
200104