RU KZ

Баспасөз орталығы

«Төтенше жағдай режимі: бизнес & мемлекет»

Өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібінің шығыны артты, кәсіпкерлер мемлекеттен көмек сұрап отыр.

«Clean city NS» ЖШС бөлім басшысы Еркебұлан Сәрсенбаев төтенше жағдай кезінде қоқыс шығаратын компаниялардың шығыны 20%-ға артқанын жеткізді. Бұрын қалдықтарды аптасына бір рет жинаса, қазіргі кезде бірнеше рет алып кетуге мәжбүр.

«Соның әсерінен табысымыз төмендеді. Жанар-жағармай, дезинфекциялық құралдарды сатып алуға қаражат жетіспеуде. Соған қарамастан осы қиын кезеңде жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Сондықтан мемлекет қоқыс полигондары мен осы салада жұмыс істейтін мекемелерге жеңілдік берсе деген ұсынысымыз бар. Өйткені жеңілдік берілген салалар тізімінде қоқыс шығаратын мекемелер қарастырылмаған», – деді Еркебұлан Сәрсенбаев.

Ол төтенше жағдайға дейін мемлекеттен мүлдем көмек алмағанын айтады. Тіпті соңғы 10 жыл бойы коммуналдық тариф өзгермей, биылғы жылдың басында ғана көтерілген.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтер 50%-ға көтерілді. Оған дейін тариф 10 жыл бұрын бекітілген. Алайда шығындардың көбеюіне байланысты тарифтің көтерілуі табысымызға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Қоқыс шығаратын мекемелер инфекцияның таралуын болдырмау үшін қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.Оның өзі қосымша шығын. Әрі халық та коммуналдық төлемдерді уақытында төлей алмай отыр. Ал залалсыздандыру сұйықтығын өз қаражатымызға алудамыз», – дейді кәсіпкер.

«Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев бұл салада дағдарыстың алдын алу шаралары жасалғанын мәлімдеді.

«Компаниялар дағдарысқа ұшырамау үшін тендерден жеңген компаниялардың І, ІІ тоқсан үшін  ақшасын алдын ала жібердік. Бұл – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісіліп жасалған іс. Осы мақсатта 1,139 млрд теңге алдын ала төлем жасадық. Аталған қаражаттың барлығы тиісті жерге жетті», – дейді компания басшысы.

Медет Құмарғалиев жуырда қоқысты полигонға жеткізу тендері жарияланатынын айтады. Оны жүзеге асыру құқығын иеленген компанияға төлем жылдың соңында емес, бірден жасалмақ.

«Тендерге «Clean city NS» компаниясы қатысып отыр. Ертең жеңіп жатса, біз жылдың соңына дейін созбай, коронавирустың кесірінен шығынға батпау үшін бірден төлем жасаймыз. Бірақ қазақта «судың да сұрауы бар» деген мақал бар. Сондықтан карантин біткен соң, бұның барлығы бақылауға алынады. Біз ақшаны береміз. Егер барлығы ретімен жүзеге асырылса ақшаны қайтармаймыз. Ал жұмыс дұрыс атқарылмаса, сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз», – деген «ӨКМ  операторы» ЖШС басқарма төрағасы қоқыс шығаратын компаниялардың негізгі табыс көзі заңды тұлғалар, яғни, бизнес нысандар екенін сөз етті.

«Жеке тұлғалардан компанияларға айтарлықтай пайда жоқ. Олардың негізгі кіріс көзі заңды тұлғалар еді. Ал қазір қаншама компаниялар жабылып қалды. Тиісінше пайда да төмендеді. Біздің халықтың эко-мәдениетінің өзі қандай деңгейде? Бір пәтерде қанша адам тұрса да, тұрмыстық қалдықтарға бір адам үшін ғана ақы төлейді», – деді Медет Құмарғалиев.

Биыл елімізде кәдеге жарату және оны жою бойынша 25 мекемемен келісімшартқа қол қойылған. Ал тұрмыстық қатты қалдықтар мен май, тозығы жеткен аккумуляторларды жинау пунктілеріне алып келу бойынша 60-қа жуық мекеме қызмет көрсетуде.

«Соңғы жылдары қалдықтарды жинау, өңдеу аясында 171 мекеме ашылды.  Онда 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. Ал осы келісімге қол қойылған 25 мекемеге қызмет көрсету үшін қаражат толық төленді. Оның есебін кейін біз ғана емес, аудиттік тексеріс жасайтын ұйымдар алады», – деген спикер полиэтилен пакеттер сату мәселесін қозғады.

«Полиэтилен пакеттерін сатудың өзі экологияға зиян келтірмеу үшін жасалған. Ол пайда табу мақсатында ойлап табылған жұмыс емес. Алайда қоқыс шығаратын компаниялар жұмысына оның айтарлықтай әсері жоқ», – екенін айтқан Медет Құмарғалиев халықтың қоқыс шығару бойынша төлемдерді толық төлемейтінін айтты.

«Алматы мен Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларда коммуналдық төлем 80-90%-дың айналасында төленеді. Ал кейбір қалаларда бұл көрсеткіш 20-30% ғана. Жалпы елімізде 3520 полигон бар. Оның 17,5%-ы ғана экологиялық-санитарлық талаптарға сай келеді. Ал 83%-ы бұл талаптарға сай емес. Шетелде қоқыс бизнес, табыс көзі болып табылады. Ондай дәрежеге жету үшін жергілікті атқарушы билік органдары кәсіпкерлерге көмек көрсетуі керек», – дейді спикер.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қалдықтарды өртеп, нәтижесінде электр энергиясын алуға бағытталған «Waste to Energy» механизмін енгізуді ұсынды. Министр бұл жүйе экологиялық мәселелерді шешумен қатар инвесторлар тартуға мүмкіндік беретінін айтқан. Ал Медет Құмарғалиев бұл полигондарда қалыптасқан жағдайдан шығудың жолы екенін жеткізді.

«2021 жылдан бастап 6 облыс орталығында осы полигондарды жауып, қалдықтан энергия алу жолдары қарастырылуда. Кеше ғана осы мәселе үкімет отырысында қолдауға ие болды», – деп мәлімдеді спикер.

Түркістан облысында қоқыс өңдеумен айналысатын кәсіпкер Айдын Ибрагимов компаниясының өнім шығару көлемі 50%-ға төмендегенін мәлімдеді. «Оның негізгі себебі зауытымызға карантинге байланысты шикізат жеткізу қиындады. Сонымен қатар шығарған өнімдерімізді Ресей сынды көрші елдер нарығына өткізетінбіз. Бұл мәселе де күрделене түсті. Кәсіпорынымыздың жылдық қуаты 50 мың тонна қалдықтарды өңдеп, мақта талшықтарын шығаруға жетеді. Алдыңғы жылы 7 мың тонна өнім өңдегенбіз, биыл карантинге байланысты көрсеткіштер төмендеп, 3 мың тонна өнім қайта өңдейміз деген жоспарымыз бар», – дейді кәсіпкер.

«KazWastе» қалдықтарды басқару қауымдастығының үйлестірушісі Ардақ Жаркенова қауымдастыққа мүше компаниялар карантин кезінде арнайы ұсыныстар әзірлеп министрлік, кәсіпкерлер палатасына және өзге де құзырлы органдарға жібергенін хабарлады.

«Ең күрделі мәселе карантин кезінде қалдықтар көлемінің артуы. Екінші компания шығындардың көбеюі. Тұрақты шығындармен қатар қорғаныс заттары, дезинфекциялық шығындар көбейген. Үшінші мәселе төлемақы мәселесі. Тек Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында тариф жоғары. Мәселен, Таразда тариф – 84 теңге. Бұл ешбір шығынды жаппайды. Заңды тұлғалар бойынша да төлемдер 60%-ға төмендесе, жеке тұлғалар бойынша 50%-ға азайды. Сондықтан мемлекеттен көмек сұрап отырмыз», – деді қауымдастық үйлестірушісі.

Дереккөз: inbusiness.kz

2016-2018 © ТОО «Оператор РОП»
Любое использование материалов сайта recycle.kz допускается только с письменного разрешения ТОО «Оператор РОП».
ӨКМ қағидасы енгізілгеннен бастап жиналды және қайта өңделді:
Автокомпоненттер
247797.921 тонн
Электронды қалдық
7127 тонн
Макулатура
102433.576 тонн
Шыны
67603.583 тонн
Пластик
33316.397 тонн
Жоюға қабылданған ескі көліктер:
САНЫ
134402