«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, «Жасыл даму» АҚ-ның бастамасымен Елордадағы №103 мектепте қалдықтарды жинау жүйесін көрсету бойынша іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шара барысында мектеп оқушылары фандомат құрылғысы туралы ақпаратымен бөлісіп, қалдықтарды дұрыс сұрыптау және өңдеу тәсілдерін түсіндірді.
Фандомат – пластикалық бөтелкелерді қабылдайтын құрылғы болып табылады. Оқушылар бөтелкелерді фандоматқа тапсырып, экологиялық жауапкершілікті арттырып қана қоймай, дүкендерден жеңілдік бонустарын алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, мектепте қағаз, пластикалық ыдыс және әйнектерді бөлек жинауға арналған экобокстар орнатылды. Бөлек жиналған қоқыс арнайы орындарға жөнелтіледі. Бұл бастама мектептерде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
«Жасыл даму» АҚ елдегі экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында озық технологияларды енгізу мақсатында мұндай бастамаларды белсенді түрде қолдауды жалғастырып келеді. Алдағы уақытта экобокстар мен фандоматтар басқа білім ордаларында да орнатылып, экологиялық жобалар кеңінен таралмақ.
Бұл жоба Қазақстанда экологиялық мәдениетті дамытуға және оқушыларды жауапкершілікке шақыруға үлкен үлес қосуда.