Күнделікті тұрмыста пайдаланатын полиэтилен пакет, пластмасс бөтелкелердің табиғатқа төндіріп тұрған зиянын білеміз. Біле тұра шашамыз. Қоқыс контейнерлеріне түскен полиэтилен қалдықтар да полигонда жайрап жатады. Ұйытқыған желмен қала аспанында қалықтап жүретінін де көзіміз шалған. Бұдан былай бұл көріністен біржола арылатын шығармыз. Олай дейтініміз, Өскеменде қоқыс сұрыптайтын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін тұрмыстық қалдықтардың 30 пайызы қайта өңдеуге жөнелтіліп отырады.
Қоқыс полигонының кешені Өскеменге таяу жердегі 4,2 гектар аумаққа салынып жатыр. Оның құрылысымен республика бойынша қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуды ұйымдастырушы «ӨКМ Оператор» компаниясы өкілдері таныстырған-тұғын. Қазіргі уақытта ғимараттың іргетасы құйылып, коммуникация жүргізілді. Алғашқы аппараттар орнатылды. Грекияның SABO компаниясының құрылысшылары металл конструкциядан жасалған корпусты монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр.