«Жасыл даму» АҚ Uralsk Green Forum 2026 форумында EcoQolday жүйесін таныстырды
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ Uralsk Green Forum 2026 форумында EcoQolday жүйесін таныстырды

27 қарашада Оралда IX өңірлік экологиялық форум – Uralsk Green Forum 2026 өтті. «Стратегиядан іске: бизнес пен мемлекет экологиялық шешімдерді қалай жүзеге асырады?» атты сессияда «Жасыл даму» АҚ өкілі Алимжан Сабденов кәсіпорындардың EcoQolday арқылы қалдықтарды қалай есепке алатынын және оларды жинау, тасымалдау мен қайта өңдеу үшін қалай төлем алатынын түсіндірді.

«Жасыл даму» АҚ өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы ретінде кәдеге жарату төлемінен түскен қаражатты сала кәсіпорындарын қолдауға бағыттайды. Алимжан Сабденов қаражаттың қандай қағидаларға сай бөлінетінін, EcoQolday жүйесіне тіркелу тәртібін және қалдық жинаушылар мен қайта өңдеушілерге төленетін төлем мөлшерлемелерін түсіндірді.

Ол жүйе арқылы қайталама шикізаттың қозғалысын қалай қадағалауға болатынына да тоқталды. Қалдық жинаушы қайта өңдеуге қанша қалдық тапсырғанын EcoQolday жүйесіне енгізеді. Қайта өңдеуші шикізаттың өңделуі және дайын өнімнің сатылуы туралы мәліметтерді тіркейді. Оператор екі тараптың электрондық есептері мен растайтын құжаттарын тексереді. Жинаушы тапсырған шикізаттың қайта өңделгені расталған жағдайда ғана оған төлем жасалады.

EcoQolday іске қосылғалы 180,5 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, қатысушыларға төленген қаражат 5,9 млрд теңгеден асты. Бағдарлама аясында 113 шарт жасалды: 78-і қалдық жинаушылармен, 21-і қайта өңдеушілермен, 14-і толық циклді кәсіпорындармен.

Тұрғындар мен ұйымдар EcoQolday мобильді қосымшасы арқылы қайталама шикізатты сатуға өтінім беріп, жинаушыны таңдай алады. Оған шыны ыдыс, қағаз, картон, пластик қаптама немесе үлдір тапсыруға болады. Астанада қалдықтарды бөлек жинау жүйесіне тұрғын үй кешендері де қосылды. Елордада қағаз бен пластикке арналған 53 экобокс орнатылған. Оларды 130-дан астам көппәтерлі үйдің тұрғындары пайдалана алады.