Астанада «Жасыл даму» АҚ-ның қатысуымен Байқоңыр ауданының экомәдениетін тұрақты дамыту мәселесі талқыланды
Жаңалықтарға оралу

Астанада «Жасыл даму» АҚ-ның қатысуымен Байқоңыр ауданының экомәдениетін тұрақты дамыту мәселесі талқыланды

2025 жылғы 22 тамызда Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігінің ғимаратында «Байқоңыр ауданының экомәдениетін тұрақты дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысына «Жасыл даму» АҚ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы, қоғамдық ұйымдар, оқу орындары, аудан белсенділері, сондай-ақ экологиялық мәдениетті дамыту, қалдықтарды бөлек жинау және жауапты тұтыну жобаларын жүзеге асырып жүрген ECO Network сарапшылары қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыптары – Байқоңыр ауданында «Жасыл кеңсе» және «Жасыл мектеп» бағдарламаларын дамыту, өңірлік экологиялық бастамалар мен жобаларды енгізу, балалар мен жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, Алматыдағы тәжірибеге сүйене отырып ЭкоХаб ашу мәселесі және аудан әкімдігімен бірлескен бастамаларды жүзеге асыратын жұмыс тобын құру болды.

«Жасыл даму» АҚ өкілдері аудандар деңгейінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен жергілікті қауымдастықтарды экологиялық бастамаларға тартудың қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Сонымен қатар «EcoQolday» ақпараттық жүйесінің таныстырылымына ерекше көңіл бөлінді. Бұл жүйе білім беру мекемелері, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы экология саласындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қатысушыларға платформаның жұмыс істеу қағидаты, оның білім беру ұйымдары мен кәсіпкерлік субъектілері үшін артықшылықтары, сондай-ақ еліміз көлемінде сервисті дамыту перспективалары көрсетілді.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қатысушылар резолюция қабылдап, Байқоңыр ауданындағы болашақ ЭкоХабтың қолдауымен бірлескен іс-шараларды іске қосу жөнінде уағдаласты