Қызылорда облысында шыныны қайта өңдеу және шыны ыдыс өндіретін жаңа зауыттың капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті
Жаңалықтарға оралу

Қызылорда облысында шыныны қайта өңдеу және шыны ыдыс өндіретін жаңа зауыттың капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті

Жоба «Жасыл даму» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып, өңірдегі ең ірі экологиялық әрі индустриялық нысандардың біріне айналмақ.
Жобаның бастамашысы - «Seven Rivers Technologies» ЖШС, жетекшісі - Үмбетаев Ануар. Болашақ зауыт шыны қалдықтарын қайта өңдеп, шыны бөтелкелер шығаруға маманданады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 240 миллион данаға дейін шыны ыдыс өндіруге мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 60 млрд теңге деп бағалануда. Жобаны іске асыру аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылып, бұл өңір экономикасының дамуына және халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға елеулі үлес қоспақ. Кәсіпорынды пайдалануға беру 2026-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
«Мұндай жобаларды жүзеге асыру Қазақстанда айналым экономикасын қалыптастыру мен «жасыл» өнеркәсіпті дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Жаңа зауыт шыны қалдықтарының көлемін азайтып қана қоймай, отандық шыны ыдысқа деген сұранысты қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті төмендетеді», - деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Серікбол Қалиақбаров.
Аталған жоба елдегі экологиялық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттырып, өнеркәсіпке заманауи экологиялық стандарттарды енгізуге ықпал етеді. Бұдан бөлек, кәсіпорынның іске қосылуы шағын және орта бизнеске қосымша мүмкіндіктер ашып, Қызылорда облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң әсерін тигізеді.