Бүгін Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Қырғыз Республикасының Ұлттық павильонында өткен «Міндеттемелерден нақты іс-қимылдарға. ОНУВ 3.0» атты министрлік панельдік сессиясына қатысты.
Панельге қатысушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, Ә. Қуантыров Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар туралы, атап айтқанда, шартты климаттық мақсаттарды қаржыландыруға арналған жобалар портфелі, жеңілдікпен қаржыландыру, трансшекаралық сулар, энергетика және мұздықтар мәселелері бойынша жан-жақты баяндады.
ОНУВ 3.0 аясында Қазақстан 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда өз күшімен 17%-ға, ал халықаралық қолдау болған жағдайда 25%-ға дейін қысқарту міндеттемесін қабылдады.
Осы міндеттемелерді іске асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ОНУВ Үкімет тарапынан бекітілді. Қазіргі уақытта NDC Partnership және ЮНИДО ұйымдарымен бірлесіп, қажетті шаралардың құнын, қаржыландыру көздерін айқындауға және басым жобалар портфелін қалыптастыруға мүмкіндік беретін ОНУВ-тың инвестициялық жоспары әзірленуде.
Энергетика секторында климаттық мақсаттарға қол жеткізудің нақты негізі қаланғанын ерекше атап өткен жөн. 2026–2029 жылдарға арналған кезеңде жалпы қуаты 7 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздері саласындағы 45 жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобалар бойынша инвесторлар да айқындалған.
2024–2026 жылдары Қазақстан Аралды құтқару халықаралық қорының төрағасы болып табылады. Сәуір айында Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит барысында мемлекет басшылары «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясын қабылдап, Қазақстанның БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдады.
Министр өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін үш практикалық қадам ұсынды:
Мұздықтар, өзен ағыны және су алу көлемі бойынша бірыңғай деректер базасы мен бірлескен мониторинг жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде тұрақты цифрлық мониторинг жүргізу.
Трансшекаралық өзендердегі су-энергетикалық режимдерді үйлестіру.
Жасыл климат қоры мен даму банктерінің қаржыландыруын тарта отырып, бірлескен өңірлік жобаларды іске асыру.
Сөз соңында Ә. Қуантыров өңірлік жобалардың ауқымы кең әрі қаржыландыру тарту әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның Қырғызстанмен және Орталық Азияның барлық елдерімен одан әрі ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді.