Қалдықтарды сұрыптау мәдениеті мектептен басталады
Жаңалықтарға оралу

Қалдықтарды сұрыптау мәдениеті мектептен басталады

«Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған бірыңғай экологиялық ағартудың стандартын енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Астана қаласының мемлекеттік мектептерінде экологиялық ағартушылық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, қағаз, пластик және шыныны бөлек жинауға арналған экобокстар орнатылып жатыр.

Жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамы тарапынан Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Экобокстар орнатылған кезекті білім ордасы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясы болды. Экобокстар - мектеп оқушыларына қалдықтарды сұрыптап, оларды қайта өңдеуге бағыттауға мүмкіндік беретін практикалық құрал. Бұл үдеріс EcoQolday автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Аталған жүйе азаматтар, қалдық жинаушылар мен қайта өңдеушілер арасында өзара іс-қимыл алаңы. Сонымен қатар, елорда мектептері арасында конкурс жарияланды: EcoQolday жүйесі арқылы ең көп қалдық жинап, өткізген оқу орны құнды сыйлықтарға ие болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама табиғатты сақтауға ғана емес, сонымен бірге өскелең ұрпақтың экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Табиғатқа ұқыпты қарауды бала кезден қалыптастыру қажет. Экобокстар - күнделікті әрекеттеріміздің қоршаған ортаны жақсартуға қалай әсер ететінін оқушыларға көрсететін қарапайым, бірақ тиімді құрал», - деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ Қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Дүйсебай Нұржан.

Бастама аясында экологиялық сабақтар мен танымдық іс-шаралар өткізіліп, олардың мақсаты экологиялық сауаттылықты арттыру және қоршаған ортаны қорғауға саналы көзқарас қалыптастыру.

«Таза Қазақстан» акциясы елімізде экологиялық білім беруді ілгерілетудегі маңызды қадамға айналды. Ұйымдастырушылардың сенімінше, мектеп оқушыларының бұл жобаға қатысуы өмір бойына берік экологиялық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді әрі елдің таза да салауатты болашағын құруға үлес қосады. Алдағы уақытта аталған бастама барлық мемлекеттік мектептерге таратылмақ.