«Жасыл даму» АҚ Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында 2025 жылға арналған қызметінің қорытындыларын ұсынып, қалдықтарды басқару, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) тетіктерін іске асыру және экологиялық жобаларды қаржыландыру саласындағы негізгі нәтижелерді жариялады. Брифинг барысында компания бизнеске көрсетілген ауқымды қолдау мен еліміз бойынша қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын қалыптастыру жөнінде есеп берді.
2025 жылдың 11 айында «Жасыл даму» АҚ-ға түскен кәдеге жарату төлемдерінің көлемі 324 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 133,3 млрд теңге көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы мен автокомпоненттер өндірушілерінен, ал 172,8 млрд теңге импорттаушылардан түскен. ӨКМ тетіктері аясында өндірушілерге 140,9 млрд теңге қайтарылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №604 қаулысына сәйкес, қайтарымды негізде экологиялық жобаларды қаржыландыруға шамамен 125 млрд теңге бағытталды. Атап айтқанда: қатты тұрмыстық қалдықтар саласындағы жобаларға — 86,1 млрд теңге, өртті ерте анықтау жүйелеріне — 15,9 млрд теңге, рефрижераторлық жабдықтарға — 2,4 млрд теңге және мемлекеттік органдарға арналған арнайы техникаға — 21 млрд теңге.
Қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдауға ерекше көңіл бөлінді. EcoQolday бағдарламасы аясында шамамен 900 млн теңге төленіп, қайта өңдеу көлемі төрт есеге жуық артты: 2024 жылғы 11 мың тоннадан 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында 41 мың тоннаға дейін өсті. ҚТҚ саласында жалпы құны 299 млрд теңгені құрайтын 61 инвестициялық жоба мәлімделді, оның ішінде 25 жоба 93,7 млрд теңгеге қаржыландырылды. Осы жобалар аясында 112 қоқыс таситын автокөлік сатып алынып, 4 сұрыптау желісі мен жылына шамамен 885 мың тонна қалдықты өңдеуге қауқарлы 14 қайта өңдеу зауыты іске қосылды.
«Кәдеге жарату төлемдерінен түскен барлық қаражат Экологиялық кодекс талаптарына қатаң сәйкес және тек экологиялық жобаларға бағытталады. Біз қаражатты жай ғана жинақтамаймыз, оларды экономикаға — нақты экологиялық және әлеуметтік нәтиже беріп жатқан салаларға қайтарымды негізде қайта бағыттаймыз», — деді «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов.
Аталған жобаларды іске асыру елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесін 25%-дан 40%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ 5,1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Жасыл даму» АҚ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұлттық парктерде, Астана мен Жезқазған қалаларының мектептерінде халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда, оларды 2026 жылы кеңейту жоспарланған.
«Жасыл даму» АҚ мемлекеттік экологиялық оператор ретіндегі негізгі миссиясын жалғастырып, ӨКМ қаражатының ашық әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуді, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуды және Қазақстан экономикасының орнықты экологиялық моделін қалыптастыруды көздейді. Алдағы уақытта компания еліміз бойынша жаңа экологиялық жобаларды қайтарымды қаржыландыруға қосымша шамамен 100 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр.