EcoQolday: Қазақстанның бес өңірінде қоқыс шығаратын компанияларға арналған оқыту семинарлары өтті
Жаңалықтарға оралу

EcoQolday: Қазақстанның бес өңірінде қоқыс шығаратын компанияларға арналған оқыту семинарлары өтті

Қостанай, Петропавл, Өскемен, Семей және Павлодар қалаларында «Жасыл даму» АҚ қоқыс шығаратын компаниялар үшін офлайн-семинарлар сериясын өткізді. Іс-шаралар әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылып, қалдықтармен жұмыс саласының тиімділігін арттыруға бағытталған EcoQolday ақпараттық жүйесін енгізу мәселелеріне арналды.

Оқытуға саланың шамамен 100 өкілі – тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару және сұрыптау ісіне жауапты компаниялардың басшылары мен мамандары қатысты. Негізгі тақырыптар қатарында РОП Операторы қаражатын пайдалану қағидаларындағы соңғы өзгерістер, жүйеде өзара әрекеттесу тәртібі, шарттарды рәсімдеу, есептілік жүргізу және қайта өңдеу үшін төлем алу тетігі болды.

Семинарға қатысушылар жүйені енгізу қайта өңдеу саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жақсартатынын және «жасыл» экономикаға көшу үдерісін жеделдетуге ықпал ететінін атап өтті.

«Жасыл даму» АҚ EcoQolday жүйесін ілгерілету және дамыту бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Компанияның басты мақсаты – қайта өңдеу үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ экологиялық бастамаларды қолдау, қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту және еліміздің барлық өңірлерінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру.