Ақтөбелік экобелсенді Айман Сексенова мектеп оқушыларына қалдықты бөлек жинаудың тәрбін түсіндіру бойынша экологиялық сабақ өткізді. «НұрСити» ауданындағы №60 орта мектептің оқушыларына күнделікті үйден шығатын қалдықты сұрыптаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Пластик, қағаз-картон, шыны және металл банкаларды қандай контейнерлерге салу керектігін көрнекі түрде көрсетілді. Экологиялық мәдениеттің нәтижесінде қоршаған ортаны, туған жердің көркем табиғаттын сақтауға болатындығы айтылды.
Экологиялық сабақ соңында ең белсенді және эко-сауатты оқушыларға пайдалы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда экосөмкелер мен экология тақырыбындағы ең алғашқы ертегі кітап «Гринейктер хикаясы» жинағы тарту етілді.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе қаласында қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту аясында «ӨКМ Операторы» қоқыс шығаратын арнайы техника мен контейнерлер сатып алған болатын.
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында қалдықты бөлек жинау төрт фракция бойынша жүзеге асырылады. Торлы контейнерлерге пластик, металл қалдығы, жасыл түсті контейнерге қағаз-картон, көк түсті контейнерге шыны қалдығы салынса, бұрынғы ескі контейнерлерге өңдеуге келмейтін қалдықтар тасталынады.