«ЭкоАсар» марафонында топ жарғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды
Назад в новости

«ЭкоАсар» марафонында топ жарғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды

2021 жылы елорданың білім беру мекемелерінде ұйымдастырылып келген экологиялық шаралар мен өткізілген байқауларға қорытынды жасалды. «Экоасар-игі істер марафоны», «Менің эко мектебім», «Қалдықты кәдеге жарату», «Сарыға таста» жобаларында үздік нәтиже көрсеткен балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары, сондай-ақ білім ордаларының тәрбиешілері мен мұғалімдері марапатталды. 

«Гринейктер хикаясы» ертегісін дыбыстау байқауының қорытындасы бойынша үш оқушы үздік деп танылды. № 66 мектеп-лицейінің оқушысы Мерғалым Әділ, №54  мектеп-лицейінің оқушысы Саида Бегарстанова мен  Санжар Арынғазиновке смартфон жеңіп алды. «Креативті және шығармашылық тәсіл» номинациясы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 5 оқушыға «Кидбург» мамандықтар қалашығына баруға билет берілді. 

Республикалық мектеп қойылымдары байқауында бірінші орынды №8 мектеп-лицейі (жетекшісі Шарипова Айжан Кадыржановна) жеңіп алса, бас жүлде Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясының ұжымы (жетекшісі Қабен Нұрболат Нұрланұлы) еншіледі. Жеңімпаз ұжымдарға 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. 

«Сарыға таста» жобасы бойынша ең жоғары нәтижені  №54, №73, №77 және №37 мектеп-лицейінің ата-аналары көрсетті. Қалдық сұрыптауда үздік көрсеткішке қол жеткізген отбасына теледидар табысталды. Сондай-ақ №22 және №3 мектеп-гимназиясы мен №56 мектеп-лицейінің ата-анасы 100 мың теңгенің сертификатпен марапатталды. 

«ЭкоАсар - игі істер марафоны»  науқанына  белсене қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауда жас ұрпақ санасына сіңіруге ат салысқаны үшін ата-аналардан бөлек, сынып жетекшілері мен мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарларына алғыс хаттар табысталды. 

Нұр-Сұлтан қаласы білім беру ұйымдары арасында «ЭкоАсар - игі істер марафонында» үздік көрсеткіш көрсеткен Ақселеу Сейдімбек атындағы № 54 мектеп-лицей ұжымы Бас жүлдені жеңіп алды. Аталған білім беру ұйымының оқушылары, педагогтері  және ата-аналарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде 2345 ұпайға қол жеткізген.

Мектепке дейінгі мекемелер арасында бас жүлдені № 77 «Қошақан» балабақша ұжымы иеленді. Аталған балабақша оқушылары, педагогтері  және ата-аналарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде 489 ұпайға ие болды.  Жеңімапаздарға диплом мен 100 000 мың теңгенің сертификаты табысталды.  

Оқушылар мен атан-аналардан бөлек сынып жетекшілері мен мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары алғыс хаттармен марапатталды. 

Айта кету керек, «Экоасар игі естер марафоны» акциясының қорытындысы бойынша мектеп оқушылары мен педагогтер қайта өңдеуге 62 тонна 581 кг шикізат жинады. Одан түскен қаражат қайырымдылыққа, қатысушы мектептердің кітапхана қорын толықтыруға және мектеп аумақтарын көгалдандыруға бағытталды.

Экологиялық білім мен мәдениетті жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында қолға алынған эко-шараларды ӨКМ Операторы, Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаңғырту орталығы мен «Жасұлан» республикалық қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда. Эко сананы қалыптастыруға бағытталған бастамалар жаңа 2022 жылы өз жалғасын табады.