«Жасыл даму» АҚ Рудный қаласында қалдықтармен жұмыс істеуге арналған арнайы техниканы сатып алуға кәдеге жарату алымы қаражатын бағыттады
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ Рудный қаласында қалдықтармен жұмыс істеуге арналған арнайы техниканы сатып алуға кәдеге жарату алымы қаражатын бағыттады

«Жасыл даму» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «L Trading» ЖШС Қостанай облысының Рудный қаласында қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеуге арналған арнайы техниканы сатып алу бойынша қаржылық лизинг шартына қол қойды.

Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің №604 қаулысы аясында кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен жүзеге асырылуда және заманауи коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ өңірдегі экологиялық процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Келісімшартқа сәйкес, кәсіпорын механикаландырылған тиеу, тығыздау, тасымалдау және түсіру жүйелерімен жабдықталған Камаз маркалы бес бірлік арнайы техниканы сатып алады. Жаңа техника Рудный қаласының коммуналдық қызметтеріне қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару процесін айтарлықтай жеделдетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Кәдеге жарату алымы қаражаты өңірлер үшін маңызды, нақты жобаларға бағытталуда. Коммуналдық техниканы жаңғырту бұл тек автопаркті жаңарту емес, ол біздің қалаларымыздың тазалығы мен жайлылығына, экологиялық қауіпсіздігіне қосылған үлес», - деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ өкілі.

Жобаны іске асыру қалдықтармен жұмыс істеудің экологиялық және қауіпсіз деңгейін арттыруға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заманауи техниканы пайдалану коммуналдық кәсіпорындар жұмыскерлерінің еңбек өнімділігін арттырып, пайдалану шығындарын азайтады.