«Жасыл даму» АҚ Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға 116 млрд теңге бағыттады
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға 116 млрд теңге бағыттады

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен 30 инвестициялық жобаны қаржыландыруға 116 млрд теңгеге жуық қаражат бағыттады. Бұл жобалар елімізде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға арналған. Атап айтқанда, жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын салу, қалдықтарды сұрыптау кешендерін іске қосу және арнайы техника сатып алу көзделген.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Инвестициялық штаб жалпы қаржыландыру көлемі 376,8 млрд теңгені құрайтын 68 жобаны мақұлдады. Соның ішінде 30 жоба қаржыландырылды.

Қаржыландырылған жобалардың ішінде:

  • 5 жоба жылдық қуаты 640 мың тонна болатын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау нысандарын құруды;
  • 16 жоба жылына 430 мың тонна қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік беретін қайта өңдеу өндірістерін дамытуды;
  • 9 жоба 128 бірлік арнайы техника сатып алуды көздейді.

Қазіргі таңда 12 жоба пайдалануға берілді. Олардың аясында 122 бірлік арнайы техника сатып алынды, жылына 140 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер іске қосылды. Сонымен қатар жылдық қуаты 18,3 мың тоннаны құрайтын қайта өңдеу өндірістері іске қосылды.

Қаржыландырудың ең үлкен көлемі Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жобаларға бағытталды. Сонымен қатар Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында, Абай облысында, Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ еліміздің өзге де өңірлерінде жобалар іске асырылуда.

Жобалар қалдықтарды қайта өңдеу саласының негізгі бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында макулатураны, ПЭТ-бөтелкелерді, пайдаланылған автомобиль шиналарын, тағам қалдықтарын және өзге де қалдық түрлерін қайта өңдеу, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту, сондай-ақ арнайы техника паркін жаңарту бар.

Қазіргі уақытта жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда. Жаңа бастамалар қарау мен келісу рәсімдерінен өтіп, қаржыландыруға дайындалуда.

Еске салайық, кәдеге жарату төлемдері есебінен жиналған қаражатты пайдалану ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мұндай жобаларды іске асыру қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, қалдықтарды көму көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді.