«Жасыл даму» АҚ қызметкері Сеулдегі халықаралық климаттық бағдарламаның үздік қатысушысы атанды
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ қызметкері Сеулдегі халықаралық климаттық бағдарламаның үздік қатысушысы атанды

«Жасыл даму» АҚ Секторалдық құзыреттілік 2 департаментінің қызметкері Малика Нұрманова парниктік газдарды түгендеу мәселелеріне арналған 16-шы халықаралық UNFCCC-GIR-CASTT бағдарламасының үздік қатысушысы атанды. Оқу қорытындысы бойынша оған Valedictorian 2026 атағы беріліп, Certificate of Excellence сертификаты табысталды.

Халықаралық оқу 2026 жылғы 31 тамыз бен 18 қыркүйек аралығында Корея Республикасының Сеул қаласында өтіп, 23 елден 24 маманды біріктірді. Негізгі тақырыптар парниктік газдардың ұлттық кадастрын әзірлеу, климаттық есептілік және БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы мен Париж келісімі шеңберінде ашықтықты қамтамасыз ету мәселелерін қамтыды.

Қазақстан атынан қатысқан Малика Нұрманова «Ауыл шаруашылығы» секторындағы парниктік газдарды түгендеу тақырыбында презентация жасады. Ол қолданылатын әдіснамалық тәсілдер, деректерді жинау ерекшеліктері және ұлттық кадастрды жетілдіру мәселелері туралы баяндады.

Қатысушылар сондай-ақ Жаһандық жасыл өсім институтының (GGGI) штаб-пәтеріне барып, климаттық басқару саласындағы халықаралық тәжірибемен және Париж келісімінің 6-бабы шеңберіндегі тетіктермен танысты.

Оқу барысында алынған білім мен практикалық дағдылар «Жасыл даму» АҚ-ның парниктік газдардың ұлттық кадастрын жетілдіру және Қазақстанның климаттық есептілігінің сапасын арттыру бағытындағы жұмысында пайдаланылады.