«Жасыл даму» АҚ Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 389-бабын іске асыру аясында отандық көлік құралдарын өндірушілерге утилизациялық төлемді қайтару жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Аталған тетік уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілген экологиялық таза автомобиль көлік құралдарын және олардың құрамдас бөліктерін, сондай-ақ өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді ынталандыру қағидаларымен реттеледі. Осы қағидалар аясында Қоғам қазақстандық өндірушілермен шарттар жасасуды жоспарлап отыр.
Әңгіме Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келетін экологиялық таза автомобиль көлік құралдарын шығаратын ірі өндірушілер — «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС туралы болып отыр.
«Жасыл даму» АҚ-ның корпоративтік шешімдерді қабылдауы Қазақстан Республикасының заңнамасына негізделген. Жасалатын шарттар шеңберінде Қоғам өндірушілерге бұрын төленген утилизациялық алымдарды қайтару жөнінде міндеттемелер қабылдайды, бұл тұрақты технологияларды дамытуға, қоршаған ортаға келетін теріс әсерді азайтуға және отандық автокөлік өнеркәсібін қолдауға ықпал етеді.
«Жасыл даму» АҚ аталған мәмілелердің мүлікті иеліктен шығару немесе сатып алуға бағытталмағанын ерекше атап өтеді.
