Қазақстанның Ұлттық павильоны Самарқандтағы жаңа экологиялық серіктестіктер алаңына айналды
Жаңалықтарға оралу

Қазақстанның Ұлттық павильоны Самарқандтағы жаңа экологиялық серіктестіктер алаңына айналды

Самарқанд қаласындағы «Silk Road Samarkand» халықаралық көрме кешенінде өткен ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 халықаралық экологиялық көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны экология, тұрақты даму және жасыл технологияларды дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды. Іскерлік кездесулер мен келіссөздердің нәтижесінде қазақстандық және шетелдік ұйымдар арасында стратегиялық әріптестік пен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.
Көрме барысында Қазақстанның Ұлттық павильонына Самарқанд облысының әкімі Бобоев Адиз Мазафарұлы және Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілі Қадыров Донёр Бахтиярұлы арнайы келіп, павильон жұмысымен танысты. Қонақтарға қалдықтарды басқару, экологиялық инфрақұрылымды дамыту, қайталама шикізатты өңдеу және айналмалы экономика қағидаттарын енгізу бағытындағы заманауи қазақстандық шешімдер ұсынылды.
Көрме аясында Өзбекстан Республикасы Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетіне қарасты Орталық Азия қоршаған ортаны және климаттың өзгеруін зерттеу университеті (Green University) мен «Жасыл даму» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа университет ректоры Бахтиёр Пулатов пен «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай қол қойды. Келісім экологиялық білім беру, ғылыми-зерттеу қызметі, білікті мамандар даярлау, инновациялық экологиялық шешімдерді енгізу және тұрақты даму саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру бағыттарындағы серіктестікті дамытуға бағытталған.
Қазақстанның ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 көрмесіне қатысуы елдің экологиялық жаңғырту, айналмалы экономиканы дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы белсенді ұстанымын тағы бір мәрте айқындады. Көрме барысында ұсынылған жобалар мен қол жеткізілген келісімдер экологиялық салаға инвестициялар тартуға, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге және өңірдегі тұрақты дамуды қамтамасыз етуге ықпал етеді.