Тамақ қалдықтарын өңдейтін жаңа жоба Ақмола облысында орналасқан Ақкөл ауданында іске қосылды. Тамақ қалдықтарын шіріту әдісімен өңдейтін жобаның ресми ашылуына Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс, француздың қалдықты қайта өңдеу жөніндегі Syctom мемлекеттік агенттігі мен тамақ қалдықтарын өңдеуге арналған компьютерлер өндіретін Biotech компаниясының өкілдері, ҚР ЭГТРМ Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаментінің директорының орынбасары Динара Ажигалиева, «Жасыл даму» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов және Ақкөл ауданы әкімі Юрий Курушин қатысты.
Жоба аясында француздық компания органикалық қалдықты шірітуге арналған 5 бірдей электрокомпостер құрылғысын Ақкөл ауданына орнатып, іске қосты. Жылына 125 тонна органикалық (тамақ) қалдық өңдейтін заманауи құрылғы Ақкөл ауданындағы балалар үйіне, орталық ауруханаға, ғарыштық байланыс орталығы кешеніне және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ғимаратына орнатылады.
Бұған дейін Syctom компаниясы мен «Жасыл даму» АҚ және Ақкөл аудандық әкімдігі өзара түсіністік жөнінде үшжақты меморандумға қол қойған болатын. Келісім шеңберінде француз тарапы қалдықтарды қайта өңдеуге қажетті жабдықтар жеткізу мен монтаждау шығындарды толық өз мойындарына алған. Жергілікті әкімдік француздық жабдықтарға арнайы жер бөліп отыр. Сонымен қатар француз тарапы мен «Жасыл даму» АҚ-ға өңделген қалдық бойынша мониторинг есебін ұсынатын болады.
Айта кету керек арнайы қондырғыға салынатын тамақ қалдықтары қарашірікке айналады. Оны бау-бақшаға тыңайтқыш ретінде қолдануға болады.
Естеріңізге сала кетейік, тамақ қалдықтарын кәдеге жарату бойынша арнайы құрылғы орнатуды қаржыландыруға француз үкіметі 2020 жылы 500 мың еуро грант бөлуге шешім қабылдаған. Соның нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отырған жоба FASEP (жеке секторға көмек және зерттеу қоры) гранты бойынша Франция мемлекеті есебінен жүзеге асырылуда.