Қалдықтарды басқару және циркулярлық экономика жөніндегі Қоғамдық кеңес комиссиясының отырысында «EcoQolday» бағдарламасының іске асырылу барысы мен жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру мәселелері қаралды
Жаңалықтарға оралу

Қалдықтарды басқару және циркулярлық экономика жөніндегі Қоғамдық кеңес комиссиясының отырысында «EcoQolday» бағдарламасының іске асырылу барысы мен жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру мәселелері қаралды

Бүгін Экология және табиғи ресурстар мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің Қалдықтарды басқару және циркулярлық экономика жөніндегі комиссиясының онлайн-отырысы өтті. Отырыста «EcoQolday» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ кәдеге жарату алымы есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландырылатын инвестициялық жобалар талқыланды.
«EcoQolday» бағдарламасының іске асырылу барысы және инвестициялық жобаларды қаржыландыру туралы баяндама жасаған «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді. Ол қалдықтарды жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бизнес пен халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ циркулярлық экономика қағидаттарына көшуге бағытталған бағдарламаның қазіргі нәтижелері туралы ақпарат ұсынды. Қаржыландыру қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және экономикадағы қайталама шикізат үлесін арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда «EcoQolday» бағдарламасына 84 субъект қатысуда, оның ішінде 55-і жинаушы, 19-ы қайта өңдеуші және 10-ы толық циклді кәсіпорындар. Бағдарлама аясында 68,8 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, 1,5 млрд теңге төленді. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтар саласында жалпы сомасы 93,7 млрд теңгені құрайтын 26 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 14 жоба - қайта өңдеу, 4 жоба - сұрыптау және 8 жоба - мамандандырылған техника сатып алу бағытында жүзеге асырылды.
Комиссияның онлайн-отырысына ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаментінің өкілдері, Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы, қоғамдық экологтар және ҚР ЭТРМ жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Нұржан Қабдолдановтың айтуынша, «EcoQolday» бағдарламасын іске асыру және инвестициялық жобаларды қолдау қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастырып қана қоймай, отандық қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына да серпін береді. Біздің міндетіміз - қаржыландыру тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, әрбір жобадан барынша экологиялық және экономикалық тиімділікке қол жеткізу».
Қоғамдық кеңес алаңындағы талқылау мемлекеттік құрылымдар, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Бағдарламалар мен инвестициялық бастамаларды іске асыру экологиялық жүктемені төмендетуге, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ елдегі «жасыл» экономика қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.