Экология және табиғи ресурстар министрі «Жасыл даму» АҚ қызметімен танысты
Жаңалықтарға оралу

Экология және табиғи ресурстар министрі «Жасыл даму» АҚ қызметімен танысты

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Жасыл даму» АҚ қызметімен танысты. Кездесу барысында министрге Қоғам қызметінің негізгі бағыттары, экологиялық жобаларды іске асыру нәтижелері, саланы қаржыландыру тетіктері және қалдықтарды басқару жүйесін одан әрі дамыту перспективалары таныстырылды.

Кездесу барысында министрге Қоғамның парниктік газдар шығарындыларымен сауда жүйесінің операторы, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторы және Қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық орталық ретіндегі қызметі, сондай-ақ иесіз қауіпті қалдықтарды басқару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Утилизациялық төлемдер қаражатын тиімді пайдалану және қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрге қалдықтарды сұрыптау кешендерін, қайта өңдеу кәсіпорындарын салу және арнайы техника сатып алу жобаларын жеңілдетілген қаржыландыру нәтижелері ұсынылды. Қазіргі уақытта жалпы құны 460,5 млрд теңгені құрайтын 71 жоба ұсынылған. Оларды іске асыру қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қуаттарын арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Сонымен қатар министрге қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдауға арналған EcoQolday цифрлық бағдарламасының іске асырылу барысы баяндалды. Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 122 шарт жасалып, 196,8 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді. Бағдарлама қатысушыларына төленген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 6 млрд теңгені құрады.

Кездесу аясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын іске асыру нәтижелері де таныстырылды. 2026 жылы экологиялық білім беру жобалары еліміздің 15 өңіріндегі 775 мектепті қамтып, 27 900 экобокс орнатылды. Бұдан бөлек, бес ұлттық паркте экологиялық инфрақұрылымды дамыту бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды.

Талқылау барысында саланы цифрландыру және Қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық орталықтың қызметі маңызды орын алды. Қалдықтарды есепке алу мен олардың қозғалысын қадағалаудың бірыңғай жүйесін енгізу, саланы басқару тетіктерін жетілдіру және циркулярлық экономикаға көшу перспективалары қарастырылды.

Сондай-ақ министр Қоғамның парниктік газдар шығарындыларын реттеу, көміртегі офсеттік жобаларын іске асыру және Қазақстанның халықаралық климаттық міндеттемелерін орындау бағытындағы жұмыс нәтижелерімен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша «Жасыл даму» АҚ қызметін одан әрі дамытудың басым бағыттары, оның ішінде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жаңғырту, отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау, цифрлық шешімдерді енгізу және экологиялық бастамаларды іске асыру тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.