Бүгін, жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы Астана-Алматы тас жолының бойын қоқыстан тазартуға арналған ROAD-эстафетасымен жалғасты.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ROAD-эстафетасының басталуында сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Жалпыұлттық шараның маңызды бөлігін атқаруға ат салысып жүрген ұйымдастырушы топқа да ризашылығын білдірді.
Ақмола облысы, Аршалы ауданының орталығы Аршалы кентінде басталған бұл эстафета 14 маусымда Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында аяқталады. Жол бойында орналасқан облыстар мен қалалардың белсенділері мен еріктілері қатысады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында басталған ROAD-эстафетасына ұйытқа болған ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Жасыл даму» АҚ, Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы. Осы шараның маңыздылығын ескере отырып Астана-Алматы тас жолының бойын қоқыстан тазартуға Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстарының әкімдіктері мен қоғам белсенділері ерекше ықылас білдіріп, қолдау жасап отыр.
Жалпыұлттық акцияның бүгінге дейінгі кезеңінде (ағымдағы жылдың 23 наурызынан 11 мамырына дейін) 745 мыңнан астам адам қатысты, 160 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды, 330 мыңға жуық ағаш отырғызылды.