ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл даму» АҚ-ның қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу үшін төлем жасау тәртібін реттейтін Қағидаларға енгізілген өзгерістерді бекітті. Түзетулер EcoQolday бағдарламасын іске асыру тәжірибесі ескеріле отырып әзірленіп, қаржыландыру тәртібін, қатысушыларға қойылатын талаптарды және қалдықтар көлемін растау тәртібін нақтылайды.
Тиісті №200 бұйрыққа 2026 жылғы 9 қыркүйекте қол қойылды. Құжат «Жасыл даму» АҚ-ның қалдықтарды жинау және қайта өңдеуді қолдау үшін кәдеге жарату төлемдері қаражаты есебінен жүзеге асыратын төлемдер тетігіне өзгерістер енгізеді.
Негізгі өзгерістердің бірі қайта өңдеу көлемін растау тәртібіне қатысты. Қағидаларда кәсіпорынға түскен қалдықтарды есепке алу, оларды өндірісте пайдалану және дайын өнімді өткізуге қатысты талаптар нақтыланды. Төлем мөлшерін есептеу кезінде өткізілген өнімді өндіруге пайдаланылған қалдықтардың массасы ескеріледі. Бұл қаржыландыруды құжатпен расталған қайта өңдеу нәтижелерімен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қайта өңдеушілердің технологиялық регламентіне қойылатын талаптар нақтыланды. Регламентте өндірістік процестің кезеңдері, қосымша компоненттерді пайдалану, технологиялық шығындар және дайын өнімнің шығымы көрсетілуі тиіс. Бұдан бөлек, есептік құжаттардың құрамы мен оларды оператордың қарау тәртібі айқындалды.
«Жасыл даму» АҚ үшін жаңартылған Қағидалар мәліметтерді тексеру, қалдықтардың көлемін растау және төлемдерді жүзеге асыру тәртібін егжей-тегжейлі айқындайды. Бұл өзгерістер қаржыландырудың ашықтығын арттыруға және қалдықтардың жиналған сәттен бастап қайта өңдеуге дейінгі қозғалысын қадағалауды күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар EcoQolday бағдарламасына қатысушылар аясы кеңейтіледі. Қалдықтарды жинау, сұрыптау және тасымалдау үшін төлем алу мүмкіндігі мүлік иелерінің бірлестіктеріне, пәтер иелері кооперативтеріне (МИБ, ПИК) және басқарушы компанияларға да көзделген. Белгіленген талаптарды орындап, шарт жасасқаннан кейін олар бөлек жиналған қайталама шикізатты қайта өңдеушілерге өткізіп, Қағидаларда көзделген төлемдерді ала алады. Бұл көппәтерлі тұрғын үйлерде қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыруға қосымша ынталандыру береді.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Өзгерістердің толық мәтінімен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.