Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бастаған жергілікті атқарушы орган мен ӨКМ Операторы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев бастаған ұжым өкілдері Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын ең алғашқы зауыт құрылысымен танысты. Мамыр айында басталған нысанның құрылысы бүгінгі уақытта аяқталуға жақын.
Ғимарат іргетасы бой көтеріп, коммуникациялар жүргізілген. Металл конструкциялардан жасалған корпус толық монтаждалған. Грециядан оптикалық және баллистикалық сепараторлар, тізбекті және таспалы конвейерлер, алдын ала сұрыптау кабинасы, барабан сепараторы толығымен жеткізілген. Қазіргі уақытта нысан қабырғасын қаптау жұмыстары жүргізілуде. Қаңтар айында грециялық мамандар келіп, автоматтандырылған сұрыптау желісін іске қосу жұмыстарын жүргізеді. 2022 жылдың ақпан айының соңында қалдық сұрыптау кешенін сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек кешен қоқыс полигонының аумағына жақын жерде 4.2 гектар алаңда орналасқан. Қоқыс кешенінің қуаты – жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптауға жетеді деп жоспарланған.
Құны 1,35 млрд теңге болатын гректердің «Sabo» әлемдік брендін ӨКМ Операторы сатып алып, қалалық әкімдіктің балансына береді. Маусым айында жергілікті мамандар «Sabo» грек компаниясының өндіріс алаңында заманауи қоқыс сұрыптайтын жабдықта жұмыс істеу бойынша апталық оқудан өтті. Автоматты кешен жұмысын жергілікті мамандар өздері басқаратын болады.
Маусым айында Өскеменде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлерді орналастыру аяқталды. Өңірде тұрмыстық қалдықты бөлек жинау үш фракция бойынша жүзеге асырылуда: «жеңіл» - қайта өңделетін қайталама шикізат (пластик, қағаз, металл), «ауыр» (шыны) және «дымқыл» - қайта өңделмейтін қалдықтар (тамақ қалдықтары және т.б.).
Облыс орталығы үшін ӨКМ Операторы «жеңіл» қайталама шикізатты жинау үшін сары түсті 760 пластик контейнер және қоңырау үлгісіндегі 514 көк түсті контейнер сатып алды. Сонымен қатар ӨКМ Операторы контейнерлерге қызмет көрсетуге арналған 6 бірлік арнайы техника сатып алып, барлығын әкімдіктің еншісіне табыстады. ӨКМ Операторынан инфрақұрылымды жасақтауға жұмсалған қаржыландырудың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрады.
Жергілікті бюджет және қоқыс шығаратын ұйымдар қаражаты есебінен тамақ қалдықтарын жинауға арналған 1220-дан астам контейнер сатып алынды.
Жергілікті атқарушы орган өз кезегінде 2022 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін кемінде 30% - ға дейін жеткізу міндеттемесін өзіне алады. Қайта өңделмейтін қалдықтар республикалық бағдарламаға сәйкес «Waste to energy» зауытына жіберілетін болады. Бұл кешенді жұмыс өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу пайызын ұлғайтуға, ҚТҚ-ны бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ 40-ға жуық жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.