Үкімет шетелден кіргізілетін көлік құралдары үшін утилизациялық алым мөлшерін 50 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Жеңіл және жүк көліктер мен ауыл шаруашылық техникасы үшін кәдеге жарату алымының базалық мөлшерлемесі 50 айлық есептік көрсеткіштен 25 АЕК дейін қысқартылып отыр. Сонымен қатар ершікті тартқыш техника (тягач) мен кабельдік өткізгіш сымдарға утилизациялық алым төленбейтін болып шешілді.
Қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі утилизациялық алым мөлшерлемесінің әдістемесін қайта есептеп, тиісті құжатты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің келісіміне жібереді. Бекітілген жаңа әдістемелік құжат «Жасыл даму» АҚ орындауға тапсырылады. Уәкілетті орган тиісті қаулыны 2022 жылдың мамыр айына дейін қабылдауды жоспарлап отыр.
Айта кету керек жаңа есептеу әдістемесіне сәйкес ескі көліктерді жоюға тапсырушыларға берілетін ақша көлемі мен агро техникаларға ұсынылатын жеңілдік сертификатының құнын өзгеруі мүмкін. Олардың нақты мөлшерін уәкілетті органның қаулысынан кейін белгілі болады. Аталған әдістемелік құжат күшіне енген кезден бастап тозығы жеткен көліктерді қабылдау бағдарламасы қайта іске қосылады.
Қазіргі уақытта кәдеге жарату төлемдерін қабылдау штатты режимде жұмыс істеп отыр. Утилизациялық төлемдер «Жасыл даму» АҚ-ның жаңа банктік деректемелері бойынша жүргізілуде. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының қызметі «Жасыл даму» АҚ өткен уақыттан бері утилизациялық алым төленгендігі жөнінде 9 347 сертификат берілді.
Естеріңізге салайық Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сырттан келетін көлік құралдарының утилизациялық алымын қайта қарау жөніндегі тапсырмасынан кейін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оның құрамына қоғам белсенділері, экологиялық ұйымдар, сарапшылар, автоөндірушілер мен уәкілетті орган өкілдері кірді.