Бүгін, 2025 жылғы 14 қарашада, Парламент Мәжілісінде «Республика» партиясының ұйымдастыруымен парламенттік
тыңдаулар өтті. Онда Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару саласындағы нәтижелер мен жаңа шараларды жариялады
Қалдықтарды басқару – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп, коммуналдық, қауіпті қалдықтар және өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері саласындағы алғашқы нәтижелерді және жоспарланған шараларды таныстырды.
Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. 2025 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша қайта өңдеу деңгейі 27% болды (жоспар – 30%). Сол кезеңде ғарыштық мониторинг арқылы 3 834 заңсыз қоқыс орны анықталды, оның 2 867-сі жойылды (75%). Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12,3 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 5,2 млрд теңгеден астам айыппұл жасап, оның 2,8 млрд теңгеден астамын өндіріп алды.
Елдегі 3 мыңға жуық ТҚҚ полигонының 80%-дан астамы экологиялық талаптарға сай емес. Қаржыландыру мәселесін шешу үшін Үкіметтің арнайы қаулысы әзірленіп, ТҚҚ полигондарын утильалым қаражаты есебінен салуға 53 млрд теңге қарастыру көзделген. Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған Қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасы жобасы дайындалды. Онда цифрлық есеп, геоақпараттық мониторинг, бірыңғай ұлттық цифрлық портал құру және «Жасыл даму» АҚ-ға Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы (ҰҚБО) мәртебесін беру ұсынылған.
ТБО жобаларына инвестициялар көлемі 2026 жылдың соңына дейін 185 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде ТБО инфрақұрылымы қалыптасып, сұрыптау қуаттылығы қазіргі жылына 2 млн тоннадан 4,3 млн тоннаға дейін, ал қайта өңдеу қуаттылығы жылына 400 мың тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. ТБО инфрақұрылымын салудың жанама әсері – 5,1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру.
«Жасыл даму» АҚ экологиялық мәдениетті дамытуға да белсенді атсалысуда. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұлттық парктерде контейнерлер орнатылып, фандоматтар іске қосылды, мектептерде экоқұндылықтарды дәріптеу жұмыстары жүргізілуде. EcoSummer 2025, OrtaFest және басқа да экологиялық жобаларға қолдау көрсетілуде.
Министрлік пен «Жасыл даму» АҚ қайта өңдеу деңгейін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, заңнаманы жетілдіру және халық пен бизнесті экологиялық бастамаларға кеңінен тарту бойынша жұмыстарды жалғастырады.