«Жасыл даму» алғашқы жобаларды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландырды
Назад в новости

«Жасыл даму» алғашқы жобаларды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландырды

«Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ (бұдан әрі – қор) арқылы жалпы сомасы 903 миллион теңгеге үш экологиялық жобаны қаржыландырды. Бұл жобалар Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жүйесін жаңғыртуға және жақсартуға бағытталған.

Үш жоба іріктеудің барлық кезеңдерінен өтіп, қаржыландыруға Қордың мақұлдауына ие болды.

«Бірінші жоба» - қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша техно-экопарк салу және Рудный қаласында (Қостанай облысы) құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу. Өтініш беруші компания «Рудный-АБАТ-2006» ЖШС. Жобаның қуаттылығы жылына 50 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды және 70 мың тонна құрылыс қалдықтарын сұрыптауға мүмкіндік береді. 40-тан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Екінші жоба» - Шымкент қаласында шиналарды қайта өңдеу өндірісін жаңғырту. Өтініш беруші компания «Эко Шина» ЖШС. Жаңа өндіріс орындары жыл сайын 10 000 тоннаға дейін шиналарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 80-ге дейін жұмыс орны құрылады.

«Үшінші жоба» - Рудный қаласында (Қостанай облысы) резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу және кәдеге жарату өндірісін жаңғырту. Өтініш беруші компания «Еділ және компания» ЖШС. 15-тен астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде, ал өндірістік қуаттылық жылына 543 тоннадан 8300 тоннаға дейін қайта өңделеді.

Қаржыландырылған 3 (үш) жоба ел өңірлеріндегі қалдықтардың санын азайтуға, олардың қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмауға бағытталған.

«Жасыл даму» АҚ елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және қалдықтарды тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу бөлігінде озық технологияларды енгізуге бағытталған бастамаларды белсенді қолдауды жалғастыруда.