«Жасыл даму» АҚ Қазақстанның көміртегі нарығын одан әрі дамытудың маңызды кезеңінің басталғанын хабарлайды. Дүниежүзілік банктен 4,8 млн АҚШ доллары көлеміндегі грантты табысты тарту нәтижесінде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі шығарындылар саудасы жүйесін (ШСЖ) жетілдіруге кірісті. Бұл ел экономикасын декарбонизациялау жолындағы елеулі қадам болады.
«Жасыл даму» АҚ қатысуымен іске қосылған бұл жоба квоталарды аукциондауды енгізуге, шығарындыларға баға белгілеу құралдарын дамытуға және Париж келісімінің 6-бабы шеңберінде Қазақстанды халықаралық көміртегі нарықтарына қатысуға дайындауға бағытталған. Жоба сонымен қатар шығарындылар саудасы жүйесін қамтуды бағалауды және елдегі көміртегі нарығын одан әрі дамыту механизмін құруды қамтиды.
«Жасыл даму» АҚ тарапынан жобаны үйлестіруді төмен көміртекті даму блогының жаңа басқарушы директоры Ботагөз Ахметова жүзеге асыратын болады.
Жоба Қазақстанның көміртегі шығарындыларын азайту және неғұрлым тұрақты және төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі стратегиясының негізгі элементі болып табылады. Бұл жобаны іске асыру барлық мүдделі тараптардың, соның ішінде квоталау субъектілерінің, бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми қоғамдастықтың белсенді қатысуын талап ететінін атап өту маңызды.
«Бүгін біз маңызды трансформацияның алдында тұрмыз. Көміртегі нарығын одан әрі дамыту тек сын-қатер ғана емес, сонымен қатар біздің еліміз үшін халықаралық аренада климаттық өзгерістер саласында көшбасшы болу үшін бірегей мүмкіндік болып табылады. Біз барлық мүдделі Тараптарды осы мәселеге қосылуға және Қазақстанның тұрақты болашағына өз үлестерін қосуға шақырамыз», - деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ басқарушы директоры Ботагөз Ахметова.
Жоба стратегиялық маңызға ие және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғаудың әлемдік стандарттарына сәйкес келетін жаңа нарықтар мен технологияларды дамытуға ықпал етеді.
«Жасыл даму» АҚ бұл жобаны табысты іске асыру Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға және елдің Климаттық саясат саласындағы халықаралық ұстанымдарын нығайтуға маңызды қадам болатынына сенімді.