«Жасыл даму» АҚ электр және электрондық жабдықтарды қайта өңдеу бойынша онлайн-талқылау өткізді
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ электр және электрондық жабдықтарды қайта өңдеу бойынша онлайн-талқылау өткізді

2025 жылғы 2 шілдеде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы электрлік және электрондық жабдықтар қалдықтарын жинау және қайта өңдеу саласының өкілдерімен онлайн-талқылау өткізді.

Іс-шараға спикер ретінде электрлік және электрондық жабдықтар қалдықтарын жинау және терең қайта өңдеу саласына маманданған словакиялық «Elektrorecycling» компаниясының бас директоры қатысты. Ол Словакияда ЭЭО-ны қайта өңдеу жүйесін таныстырды.

Сондай-ақ, «Elektrorecycling» компаниясының ЭЭО-ны қайта өңдеуге арналған жабдықтары мен Словакиядағы ЭЭО жинау жүйесінің ерекшеліктері жөнінде «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті.

Талқылау барысында ЭЭО жинау және қайта өңдеу саласын субсидиялау мәселелері, осы саладағы субсидиялау тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілер талаптары, сондай-ақ ЭЭО-ны қайта өңдеуші компанияларға қойылатын талаптар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аталған талқылауға Қазақстанда ЭЭО жинау және қайта өңдеумен айналысатын 8 компанияның өкілдері қатысты. Белгілі бір жабдық түрлерін қайта өңдеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Қоғам тарапынан субсидияланатын қалдықтар тізбесін кеңейтуге қатысты жоспарлар да таныстырылды.