«Жасыл даму» АҚ өңірлік деңгейде климаттық есептілік әлеуетін нығайтуда
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ өңірлік деңгейде климаттық есептілік әлеуетін нығайтуда

«Жасыл даму» АҚ қызметкерлері жер пайдалану, жер пайдалануды өзгерту және орман шаруашылығы (ЖПЖӨОШ) секторында парниктік газдарды түгендеу және саясатты бағалау бойынша өңірлік тренингке қатысты.

2026 жылғы 2–5 ақпан аралығында Душанбе қаласында (Тәжікстан Республикасы) «ЖПЖӨОШ секторында парниктік газдар түгендеуін әзірлеу және саясатты бағалау саласындағы әлеуетті арттыру» атты өңірлік практикалық тренинг өтті. Іс-шара Орталық Азиядағы климаттық іс-қимылдардың ашықтығы жөніндегі өңірлік хаб (ReCATH) қызметі аясында Климаттық іс-қимылдардың ашықтығы жөніндегі бастаманың (ICAT) қолдауымен ұйымдастырылды.

Тренингке Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның бейінді мемлекеттік органдарының өкілдері мен техникалық сарапшылары қатысты. Климаттық есептілік және көміртекті реттеу саласындағы ұлттық оператор болып табылатын «Жасыл даму» АҚ Париж келісімі шеңберіндегі міндеттемелерді іске асыру аясында өңір елдерінің институционалдық және техникалық әлеуетін нығайтуға бағытталған іс-шараға белсенді қатысты.

Тренинг барысында ЖПЖӨОШ секторында парниктік газдардың ұлттық түгендеуін әзірлеудің әдіснамалық тәсілдері, сондай-ақ саясат шараларының парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілуіне әсерін бағалау мәселелері қарастырылды. Деректерді дайындаудың практикалық аспектілеріне, жер пайдалану мен оның өзгерістерін мониторингтеуге, сондай-ақ климаттық шараларды бағалау үшін аналитикалық құралдарды қолдануға ерекше назар аударылды.

«Жасыл даму» АҚ ұлттық парниктік газдар түгендеу жүйесін қалыптастыру мен дамытуға жүйелі түрде қатысып келеді, оның ішінде әдіснамалық тәсілдерді жетілдіру, сапаны бақылау және қамтамасыз ету (QA/QC) рәсімдерін күшейту, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту бағыттарында жұмыс жүргізуде. Өңірлік оқыту іс-шараларына қатысу Орталық Азия елдерімен тәжірибе алмасуға және ұлттық климаттық есептілік жүйесіне озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді.

Ұлттық парниктік газдар түгендеуінің деректеріне сәйкес, «Жер пайдалану, жер пайдалануды өзгерту және орман шаруашылығы» секторы Қазақстанның климаттық саясатында маңызды рөл атқарады. Бұл сектор ауыл шаруашылығы және орман алқаптарының едәуір аумағын қамтып, парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілуінің жалпы теңгеріміне айтарлықтай әсер етеді. Ел аумағының табиғи-климаттық әркелкілігі осы секторды бағалауда кешенді әрі ғылыми негізделген тәсілдерді қолдануды талап етеді.

Тренингті өткізу қатысушыларға қолданыстағы әдіснамалық және институционалдық сын-қатерлерді талқылауға, одан әрі жұмыс істеудің басым бағыттарын айқындауға және ұлттық түгендеулер мен саясатты бағалау жүйесін жетілдіру қадамдарын белгілеуге мүмкіндік берді. Іс-шара барысында алынған білім мен практикалық дағдылар Қазақстан Республикасының климаттық есептілігінің ашықтығын, салыстырмалылығын және сенімділігін арттыру жөніндегі «Жасыл даму» АҚ-ның алдағы жұмысы аясында қолданылатын болады.