«Жасыл даму» АҚ-да халықты, сондай-ақ тұрғын үй бірлестіктерін (КСК және МИБ) автоматтандырылған EcoQolday ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайталама шикізатты қайта өңдеу жүйесіне тарту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Кеңес «Жасыл даму» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Кенесбайұлы Қабдолдановтың төрағалығымен өтті.
Кездесу барысында «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Таза үй – Таза Ел» пилоттық жобасының іске асырылу барысы талқыланды. Ерекше назар тұрғын үй кооперативтері мен мүлік иелерінің бірлестіктерін EcoQolday АЖ-не қосу тетіктеріне аударылды. Аталған жүйе азаматтарға пластик, макулатура және әйнек секілді қайталама шикізатты үйден шықпай тапсыруға мүмкіндік береді, бұл ретте мамандандырылған кәсіпорындардан, сондай-ақ мемлекеттік қолдау түрінде ақшалай өтемақы алу көзделген.
Аталған бастамаларды енгізудің практикалық және заңнамалық аспектілері бойынша «Жасыл даму» АҚ Қалдықтармен жұмыс істеуді ұйымдастыру департаментінің менеджері Сәкен Шаймұратұлы Шаймұрат баяндама жасады. Ол жобаның негізгі мақсаты – қалдықтарды бөлек жинаудың тұрақты мәдениетін қалыптастыру және халықтың экологиялық жауапты мінез-құлқына экономикалық ынталандыруды арттыру екенін атап өтті.
Кеңеске Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның елордалық филиалының өкілдері Төраға Талғат Тыбысбайұлы Омаровтың жетекшілігімен, Астана қаласы МИБ қауымдастығының төрағасы Ерлан Карбаев, елордадағы МИБ төрағалары, сондай-ақ қайталама шикізатты жинаумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
«Таза үй – Таза Ел» бастамасын іске асыру полигондарға түсетін жүктемені азайтуға, қайталама шикізатты қайта өңдеу саласын дамытуға және экологиялық жауапты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.