Назарбаев Университетінде «Sustainability Living Lab» бағдарламасының қорытынды конференциясы өтті. Бұл – Қазақстанда студенттік экожобаларды дамыту мен орнықты шешімдерді ілгерілетуге бағытталған университетаралық бастама. Бағдарламаны Назарбаев Университетінің Тұрақты даму офисі жүзеге асырады. Іс-шараның қатысушыларының бірі – еліміздің экологиялық трансформациясына және орнықты даму саласындағы жастар бастамаларын қолдауға бағытталған «Жасыл даму» АҚ болды.
Конференция 2024–2025 жылдарға арналған жобалық циклдің қорытындысы ретінде ұйымдастырылып, Қазақстанның әр өңірінен келген студенттерді, оқытушыларды, сарапшыларды және бизнес өкілдерін біріктірді. Іс-шара аясында келесі өзекті экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған студенттік экожобалар таныстырылды:
EcoWoolPellets (ҚарУ) – қой жүнінен және макулатурадан жасалған органикалық тыңайтқыш;
HydroGreen (НУ) – жасыл сутегі өндіру технологиясы;
EcoWare (М. Қозыбаев атындағы СҚУ) – биологиялық ыдырайтын ыдыс-аяқ;
Bulan Bikes (НУ) – кампустағы тұрақты велоқозғалыс жүйесі;
Watermatic (НУ) – тұрақты суару жүйесінің автоматтандырылған шешімі;
SolarLab (М. Қозыбаев атындағы СҚУ) – күн энергетикасы бойынша білім беру платформасы;
Spent Coffee Grounds Energy Bricks (НУ) – кофе қалдығынан жасалған құрылыс кірпіштері;
Отқа төзімді панельдер (Yessenov University) – пластик және қағаз қалдықтарынан жасалған панельдер.
Жобаларды таныстырумен қатар, конференцияда қатысушылар сараптамалық дәрістерге, Astana Business Campus ұйымдастырған стартап-акселерация бойынша мастер-класқа және Climate Fresque атты климаттық оқу ойынына қатысты.
«Жасыл даму» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Данияр Досымбеков конференция барысында «Жасыл даму» АҚ және Recycle.kz: экобілім беру және орнықты даму үшін цифрлық шешімдер» тақырыбында баяндама жасап, келесідей пікір білдірді:
«Біз «Жасыл даму» АҚ ретінде бүгінгі жастар Қазақстанның болашақ климатын қалыптастырады деп сенеміз. Sustainability Living Lab секілді бастамаларды қолдау – еліміздің экологиялық сауығуына ықпал ету, ресурстарды ұтымды пайдалану, циркулярлық экономика қағидаттарын ілгерілету және орнықты дамуды қолдау жөніндегі миссиямызға толық сай келеді. Бүгінде университеттер экологиялық инновациялар орталығына айналуда және біз академиялық қауымдастықпен бірлесе отырып, экологиялық тұрғыдан орнықты болашақты бірге құру мақсатында ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға дайынбыз. Қазақстанда саналы, бастамашыл және кәсіби дайындалған орнықты даму көшбасшылар ұрпағы өсіп келе жатқанына мақтанамыз».
«Жасыл даму» АҚ орнықты даму, шығарындыларды азайту және ең озық қолжетімді экотехнологияларды енгізуге бағытталған білім беру және зерттеу бастамаларына белсенді қатысуды жалғастыруда.