Көлік құралдарын әкелу кезінде кәдеге жарату төлемін төлеу тәртібі өзгерді
Назад в новости отрасли

Көлік құралдарын әкелу кезінде кәдеге жарату төлемін төлеу тәртібі өзгерді

2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап Қазақстанда көлік құралдарын әкелетін жеке және заңды тұлғалар үшін кәдеге жарату төлемінің төленгені туралы сертификатты ресімдеуге қойылатын жаңа талаптар қолданылады.

Өзгерістер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі № 808 қаулысында көзделген.

Жеке тұлғалар үшін қандай өзгерістер енгізілді?

Жаңа талаптарға сәйкес көлік құралдарын өз қажеттіліктері үшін әкелетін жеке тұлғалар кәдеге жарату төлемінің төленгені туралы сертификатты көлік құралы еркін айналымға шығарылғанға дейін алуға міндетті.

Өз қажеттіліктері үшін әкелінетін көлік құралдарына мыналар жатады:

  • M1, M1G санаттарындағы жеңіл автомобильдер (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 8703);
  • жүргізушіні қоса алғанда, саны 12-ден аспайтын адамды тасымалдауға арналған M2, M2G санаттарындағы автобустар (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 8702);
  • техникалық тұрғыдан рұқсат етілген ең жоғары массасы 5 тоннадан аспайтын N1, N1G, N2, N2G санаттарындағы жүк автомобильдері (ЕАЭО СЭҚ ТН кодтары 8704 21, 8704 31, 8704 41, 8704 51).

Сертификатты ресімдеуге қажетті құжаттар тізбесі де жаңартылды.

Кәдеге жарату төлемін төлеуге өтінім беру кезінде мына құжаттар ұсынылады:

  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткені туралы талон;
  • көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (СБКТС);
  • көлік жүкқұжаты немесе халықаралық тауар-көлік жүкқұжаты (CMR) (бар болса);
  • шот-фактура немесе инвойс (бар болса).

Заңды тұлғалар үшін қандай өзгерістер енгізілді?

Қазақстан Республикасының аумағына көлік құралдарын әкелетін заңды тұлғалардың кәдеге жарату төлемін төлеуге өтінім беруі үшін қажетті құжаттар тізбесі көлік құралының электрондық паспортымен (ЭПТС) толықтырылды.

Өтінімді қалай беруге болады?

Кәдеге жарату төлемін төлеуге өтінім «Жасыл даму» АҚ-ның автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы беріледі: https://app.recycle.kz.

Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін «Жасыл даму» АҚ-ның ресми сайтындағы «Кәдеге жарату төлемдері» бөлімінде кәдеге жарату төлемін төлеуге өтінім беру жөніндегі бейненұсқаулық орналастырылған.

Қосымша ақпаратты «Жасыл даму» АҚ-ның Бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады. Байланыс деректері Қоғамның ресми сайтындағы «Байланыстар» бөлімінде көрсетілген.