«Жасыл даму» АҚ-да қалдықтарды басқару, қайталама ресурстарды қайта өңдеу және экологиялық технологиялар саласында жұмыс істейтін жапондық компанияларының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Қазақстан тарапынан кездесуге «Жасыл даму» АҚ, Қазақстан қаптама өндірушілері қауымдастығы, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тараптар қалдықтарды басқарудың өзекті мәселелерін талқылап, қайталама шикізатты жинау мен қайта өңдеуді ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасты. Қатысушылар саланы дамыту тәсілдері мен экологиялық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін қарастырып, Қазақстан мен Жапония кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Қазақстанда қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуді қолдаудың қолданыстағы тетіктеріне ерекше назар аударылды. «Жасыл даму» АҚ өкілдері EcoQolday бағдарламасын таныстырып, жапон тарапын оған қатысу шарттарымен және бағдарламада көзделген қолдау шараларымен таныстырды.
Кездесу барысында екі елдегі қалдықтарды басқару саласының жұмысы туралы ақпарат алмасып, қайталама ресурстарды қайта өңдеу және қалдықтарды басқару саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың ықтимал бағыттары талқыланды.