«Жасыл Даму» АҚ-ның өкілдері әріптестік шеңберінде «Тартып» АҚ, «КазФерроСталь» ЖШС, «Дорпласт-Инвест өндірістік компаниясы» ЖШС-і жұмысымен танысты.
Полигонға көмілетін қалдықтардың көлемін азайту және қалдықтарды сұрыптау кешенінің мүмкіндігін жетілдіру мәселесі туралы ой бөлісті. Сонымен қатар металл сынықтары мен пластмас қалдықтарын өңдейтін технологияны да қарап көрді.
«Отандық өңдеушілерден алынатын қайталама шикізат тапшылығы проблемалары және мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында өткен осы жиында отандық ірі өндірушілер қалдықтарды басқару саласының түйткілді мәселелерін ортаға салды. Жалпы қалдықтарды басқару мәселесі төңірегінде пікірлескен мамандар, қайта өңделетін ресурстар өндірісінің ағымдағы жағдайын талқылады.
Өз кезегінде «Жасыл Даму» АҚ өкілдері қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерді ескере отырып, Экологиялық кодекс аясында қалдықтарды өңдеу саласын қолдау жөніндегі атқарылуға тиісті шаралары мен жоспарларын таныстырды.