«Аманат» партиясы жанындағы экологиялық кеңестің жұмысы аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бауыржан Әміржанұлы Смағұловтың төрағалығымен коммуналдық қалдықтарды басқарудың өзекті мәселелеріне арналған отырыс өтті. Қатысушылар қалдықтарды өңдеу жүйесін жетілдірудің негізгі аспектілерін, сондай-ақ оларды жинау, алып кету және қайта өңдеу үшін инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шараларды талқылады.
Отырыста қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту жөніндегі жұмыстың ағымдағы нәтижелері ұсынылды. Атап айтқанда, «Аманат» партиясының экологиялық стратегиясын іске асыру шеңберінде қоқысты бөлек жинаудың жаңа стандарттары енгізілгені, кәсіпорындардың экологиялық нормаларды сақтауын бақылау күшейтілгені, сондай-ақ халық үшін білім беру бағдарламалары іске қосылғаны атап өтілді.
«Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов компанияның шоттарында жинақталатын кәдеге жарату төлемдерінің қаражаты да қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын айтты. 2024-2026 жылдарға осы мақсаттарға 185 млрд теңге көзделген, олар түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық 3% - бен берілетін болады.
Инвестициялық үдеріс шеңберінде 308,7 млрд теңге сомасына 65 жоба мақұлданды, оның ішінде қаржыландыру көлемі 47,3 млрд теңге болатын 9 жоба іске асыру сатысында, оның ішінде 5 жоба «Жасыл даму» АҚ-мен 3,5 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. 2025 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу қуатын едәуір ұлғайту жоспарлануда, бұл өңірлердегі жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 5 ақпаннан бастап «EcoQolday» бағдарламасы қайта іске қосылды, оның шеңберінде 60 компаниямен келісімдерге қол қойылды. 2024 жылы бағдарлама арқылы 20,1 мың тонна қалдық жиналды, оның 10,9 мың тоннасы қайта өңделді. Сондай-ақ, азаматтарға қалдықтарды тапсыруға ыңғайлы болу үшін мобильді қосымша әзірленді, онда елордада жеке тұлғалардан қалдықтарды қабылдау орындары жұмыс істейді.
«Аманат» партиясы жанындағы экологиялық кеңес азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған экологиялық бастамаларды іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.