Атырауда қағаз қалдықтарын өңдеу жолға қойылды
Назад в пресс-Центр

Атырауда қағаз қалдықтарын өңдеу жолға қойылды

Атыраудағы қағаз қалдықтарын өңдейтін зауыт жұмысы жанданып келеді. Биыл наурыз айында іске қосылған зауыт толықтай автоматтандырылған. Жобаның жалпы құны 1,5 миллион доллар. Кәсіпорын күніне 5 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған қондырғыны Қытайдан алдыртқан. Қағаз қалдықтарын жібітіп, қайта өңдейтін құрылғымен жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Сапасы жоғары, бағасы төмен зауыт өнімдеріне сұраныс мол. 83 нүктеде сатылып жатыр. Зауытқа қажетті шикізат өңірдегі алпауыт мұнай компаниясынан тасымалданады. Жуырда аймақтағы мекемелер де қағаз қалдықтарын осы зауытқа әкеп тапсырады. Бұл жөнінде әкімдікпен келісім жасалған. Осылайша алдағы уақытта өнім өндіру көрсеткіші тағы артады. Кәсіпорын болашақта қағаз сүлгісі, жұмыртқа қораптарын шығаруды да жоспарлап отыр.

Дарынбек Қабдрахманов, өндіріс басшысы:

Экологиялық тұрғыдан өте пайдалы деп ойлаймын. Оны полигонға апарып өртегеннен осы жерден өңдеп, өнім шығарған әлдеқайда тиімді ғой. Қағаз жетіспеушілік бар шамалы. Сол себептен «Жасыл дамудан» субсидия алып жобалар жүріп жатыр.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы шеңберінде «Жасыл даму» министрліктің инвестициялық штабында тағы бір жобаны мақұлдап, қаржыландырды. Жылыой ауданында тамақ қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт қарқынды жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 30 тонна үй жануарларына арналған тағам мен ірі қара мал азығы және биошірінді шығарады. Жобаның жалпы сомасы 900 миллион теңге. Кәсіпкерлер берілген субсидия арқылы зауытты одан әрі кеңейтуді жоспарлайды.


Дереккөз: https://qazaqstan.tv/news/203449/