Экология - негізгі басымдық: «Жасыл даму» АҚ «AMANAT» алаңында экологиялық бастамаларды таныстырды
Баспасөз орталығына оралу

Экология - негізгі басымдық: «Жасыл даму» АҚ «AMANAT» алаңында экологиялық бастамаларды таныстырды

2026 жылғы 14 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бауыржан Әміржанұлының төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті. Отырыста «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға бағытталған кешенді бастамаларды таныстырды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар үшін KPI енгізу, EcoQolday бағдарламасын кеңейту және «жасыл сатып алуларды» ынталандыру мәселелері көтерілді.

Кездесу барысында 2024 жылы қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қайта іске қосылған EcoQolday цифрлық бағдарламасының нәтижелері айтылды. Қазіргі таңда бағдарламаға 88 кәсіпорын қосылған. Оның ішінде 58-і - жинаушы ұйымдар, 20-сы - қайта өңдеуші кәсіпорындар және 10-ы - толық циклді компаниялар. Бағдарлама аясында қайта өңдеуге жіберілген қалдықтардың жалпы көлемі 103 мың тоннадан асты. Оның шамамен 71 мың тоннасы - қағаз, 24 мың тоннаға жуығы - шыны, 1 мың тоннадан астамы - пластик және шамамен 8 мың тоннасы - шиналар. Бағдарлама іске қосылғалы бері қатысушыларға шамамен 2,4 млрд теңге төленді.

Жиында қатты тұрмыстық қалдықтар саласындағы жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Үкіметтің №604 қаулысы аясында «Жасыл даму» АҚ 2024 жылдан бастап бизнесті жылдық 3%-бен 15 жылға дейін несиелендіру бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бүгінде жалпы сомасы 374,1 млрд теңгені құрайтын 61 жоба ұсынылған, бұл қарастырылған қаржыландыру лимитінен екі есе көп. Қазіргі таңда 113,6 млрд теңге сомасына 28 жоба қаржыландырылды, тағы 13 жоба келісімшартқа қол қою кезеңінде тұр.

«Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының айтуынша, қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту өңірлердің белсенді қатысуынсыз және жүйелі бақылаусыз мүмкін емес.

«Қабылдау пункттерінің қолжетімділігі халық пен бизнестің қалдықтарды бөлек жинауға қатысу деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан біз әкімдіктер үшін нақты KPI бекітіп, олардың орындалуына ашық мониторинг жүргізуді ұсынамыз», - деді «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай.

Ұсынылған KPI қатарында республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 10, облыс орталықтарында кемінде 5 екінші шикізат қабылдау пунктін ашу, қалдықтарды есепке алу мен мониторингтің цифрлық жүйелерін енгізіп, оларды «Жасыл даму» АҚ жүйесімен интеграциялау, сондай-ақ әр өңірде құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу және медициналық қалдықтарды залалсыздандыру кәсіпорындарының болуы қарастырылған.

Сонымен қатар, отырыс барысында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Таза үй - Таза ел» экологиялық бастамасы таныстырылды. Қазіргі уақытта елорданың екі тұрғын үй кешенінде қағаз бен пластикті бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылған. Алдағы уақытта жобаны Қазақстанның өзге қалаларына кеңейту жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, «Жасыл даму» АҚ қайта өңделген шикізат үлесі бар тауарларға сұранысты ынталандыру мақсатында мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл міндетті экологиялық талаптарды енгізуді, басым тауарлар тізімін қалыптастыруды және экологиялық өнім жеткізушілеріне артықшылық беруді қамтиды.

Компания өкілдерінің айтуынша, ұсынылған шаралар толыққанды айналым экономикасын қалыптастыруға, қайта өңдеу саласын дамытуға және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын кеңейту, инвестиция тарту және қалдықтарды басқару саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастырмақ.