«EcoQolday»: бизнес пен мемлекет қалдықтарды басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Баспасөз орталығына оралу

«EcoQolday»: бизнес пен мемлекет қалдықтарды басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

«Жасыл даму» АҚ-да «EcoQolday» бағдарламасы аясында қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерімен жұмыс кеңесі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Тукенов Р.К.-ның модераторлығымен ұйымдастырылды.

Кеңес барысында бағдарламаны іске асырудың аралық нәтижелері қорытындыланып, оның тетіктеріне енгізілуі жоспарланған өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. «EcoQolday» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қабдолданов Нұржан Кенесбайұлы баяндама жасады. Ал бағдарламаның жоспарланған өзгерістері мен толықтырулары жөнінде «Жасыл даму» АҚ Қалдықтарды басқаруды ұйымдастыру департаментінің бас менеджері Шыныбай Бахтияр Жанібекұлы ақпарат берді.

Кездесудің негізгі мақсаты - мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы диалогты нығайту, бағдарламаның тиімділігін арттыру және оны нарықтың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу. «EcoQolday» бағдарламасы елімізде екінші жыл қатарынан іске асырылып келеді және қалдықтарды басқарудың орнықты жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Негізгі мақсаттардың бірі - 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтардың жалпы көлемінің 40%-ын қайта өңдеу және кәдеге жарату деңгейіне жету.

Кеңеске 50-ден астам компания қатысты. Талқылау барысында барлық қатысушыларға өздерін қызықтырған сұрақтарды қоюға және тиісті жауаптар алуға мүмкіндік берілді.

Сондай-ақ қатысушыларға туындайтын сұрақтар бойынша жеке тәртіпте жауап алу мүмкіндігі, Қоғамның интернет-ресурстары және ресми сайттағы «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімі туралы ақпарат ұсынылды.

Бүгінгі таңда бағдарламаға қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеумен айналысатын 83 компания қатысуда. Бағдарлама іске қосылғаннан бері қайта өңдеуге 60 мың тоннадан астам қалдық жіберілді. Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 1,15 млрд теңгені құрады.

Кеңес барысында нормативтік-құқықтық актілерді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Уәкілетті органдар өкілдерінің айтуынша, қабылданбаған есептердің едәуір бөлігі құжаттамалық тәртіптің бұзылуына, соның ішінде қалдықтарды тасымалдау және ілеспе құжаттарды рәсімдеу кезіндегі кемшіліктерге байланысты.

Аталған кеңес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бизнес-қоғамдастықпен ашық диалог пен кері байланысты қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналды. «EcoQolday» бағдарламасын іске асыру «Жасыл даму» АҚ-ның орнықты экономиканы қалыптастыру және Қазақстан Республикасының тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі миссиясының маңызды бөлігі болып қала береді.