Астана «жасыл болашаққа» тағы бір қадам жасады: ұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында мектептерде экологиялық тәрбиенің жаңа тәсілдері енгізілуде. Жоба балаларға тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дарытып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды ерте жастан қалыптастыруды мақсат етеді.
Жоба аясында елорданың мектептеріне қағаз, пластик және шыныны бөлек жинауға арналған арнайы экобокстар орнатылуда. Инициативаны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ жүзеге асыруда.
Кезекті жоба алаңы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-гимназиясы болды. Мұнда орнатылған заманауи экобокстардың арқасында оқушылар тек қана қалдықтарды дұрыс сұрыптауды үйреніп қоймай, сонымен қатар жиналған қайталама шикізатты EcoQolday автоматтандырылған жүйесі арқылы қайта өңдеуге тапсыра алады. Бұл цифрлық платформа азаматтарды, қалдықтарды жинау компанияларын және қайта өңдеушілерді біріктіріп, экологиялық жауапкершіліктің тұйық циклін құрады.
Сонымен қатар, елордалық мектептер арасында ерекше қызығушылық тудырған конкурс жарияланды: EcoQolday жүйесі арқылы ең көп қалдық жинаған оқу орны құнды сыйлықтарға ие болады.
Осылайша, жоба мектеп оқушыларын экологиялық жауапты мінез-құлыққа үйретіп қана қоймай, бүкіл қоғамды қайта өңдеу процесіне тартып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.