Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл даму» акционерлік қоғамы экологиялық сананы арттыру мен ресурстарды үнемдеу бағытында маңызды қадамдар жасап жатыр. Бұл ретте, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы «Тазалықты өзіңнен баста» қағидатын ілгерілету бағытында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ғимаратында қағаз, пластикалық ыдыс және шыныларды бөлек жинауға арналған арнайы экобокстар орнатты.
Экобокстарды орнатудың басты мақсаты - қоқыс түрлерін сұрыптау және әртүрлі қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік жасау. Бөлек жиналған қоқыс арнайы орындарға жөнелтіліп, қайта өңдеу процесіне жіберіледі. Бұл бастама Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Аталған шара мемлекеттік органдардың экологияны қорғау және ресурстарды тиімді пайдалану ісіндегі үлесін арттыруға бағытталған. Экологтардың айтуынша, халықтың экологиялық сана-сезімін көтеру мен дұрыс қалдықтарды өңдеуге дағдыландыру болашақта табиғатқа тигізер зиянды азайтуға мүмкіндік береді.
Біздің мақсатымыз – әр азаматтың табиғатты қорғауға және қоқыс сұрыптауға деген жауапкершілігін арттырып, Қазақстанды таза әрі экологиялық жағынан сау мемлекетке айналдыру.