«Жасыл даму» АҚ-да жаңа Конституция жобасының экологиялық басымдықтары қаралды
Баспасөз орталығына оралу

«Жасыл даму» АҚ-да жаңа Конституция жобасының экологиялық басымдықтары қаралды

Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы жарияланды. Онда алғаш рет Негізгі заң деңгейінде Әділеттілік, Заң және Тәртіп қағидаттарымен қатар табиғатқа ұқыпты қарау қағидаты бекітілді.

«Жасыл даму» АҚ-да өткен аппараттық кеңес барысында бүкілхалықтық талқылауға шығарылған Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасындағы экологиялық ережелер қаралды. Негізгі заң жобасында алғаш рет қоршаған ортаға жауапты әрі ұқыпты қарау қағидаты конституциялық деңгейде бекітіліп, ол жалпыұлттық басымдық мәртебесіне ие болатыны және мемлекеттік экологиялық саясаттың құқықтық негіздерін едәуір күшейтетіні атап өтілді.

Конституция жобасында экология мемлекеттің басты құндылықтарының бірі ретінде айқындалып, табиғатты сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану міндеті әрбір азаматқа жүктелетіні баса айтылды. Сонымен қатар мемлекет адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз, қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан маңызды ақпарат пен қауіптерді жасыру үшін заңдық жауапкершілік белгілеу міндеттемелерін өзіне алады.

Ұсынылып отырған конституциялық нормалар табиғатты қорғау қызметін күшейтуге және экологиялық қағидаттарды формалды жариялаудан нақты экологиялық жауапкершілікке көшуге жағдай жасайтыны атап өтілді. Конституцияда экологиялық міндеттерді бекіту экологиялық заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін дамытуға, соның ішінде экологиялық зиянның алдын алу және «ластаушы төлейді» қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған тұрақты құндылықтық бағдар қалыптастырады.

Кеңес қорытындысы бойынша «Жасыл даму» АҚ-да Конституцияның жаңа жобасындағы ережелер экологиялық заңнаманы одан әрі дамытуға, азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғауға және болашақ ұрпақтардың мүдделерін ескере отырып орнықты даму моделіне көшуге берік құқықтық негіз қалайтыны атап өтілді.