«Жасыл даму» АҚ Павлодарда қағаз және картон өндіретін зауыттың құрылысы басталғанын хабарлайды
Баспасөз орталығына оралу

«Жасыл даму» АҚ Павлодарда қағаз және картон өндіретін зауыттың құрылысы басталғанын хабарлайды

Мемлекет басшысының ірі қалаларда қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу және қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Павлодар қаласында қағаз және картон өндіретін заманауи кәсіпорынның құрылысы басталды.

Жобаны 2024 жылғы 26 шілдеде Павлодар қаласында тіркелген, негізгі қызмет бағыты – целлюлоза мен макулатураны қайта өңдеп, қағаз және картон өндіру болып табылатын отандық «QazRoyalPac» ЖШС жүзеге асыруда.

Зауыт құрылысы утилизациялық төлем қаражаты есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы жүзеге асырылуда. Қаржыландыру «Жасыл даму» АҚ және Өндірісті дамыту қоры арқылы жылдық 3% мөлшерлемемен, 15 жыл мерзімге және екі жылға дейінгі жеңілдік кезеңімен беріледі. Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақта орналасқандықтан, оған салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

«QazRoyalPac» ЖШС бас директоры Гүлнар Қайдарова:
«Бүгінде Қазақстан қағаз бен картонды шетелден әкеледі. Біздің жоба елімізде жиналған целлюлоза мен макулатураны қайта өңдеп, отандық қағаз және картон өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 16 млрд теңгеден асады. Қаржы утилизациялық алым есебінен „Жасыл даму“ АҚ және Өндірісті дамыту қоры арқылы бөлінді».

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Атамекен» ҰКП тарапынан өңір әкімдіктері ұсынған осындай 67 жоба мақұлданды, оның 43-і тікелей қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған.

«Жасыл даму» АҚ утилизациялық төлем есебінен қаржылай қолдау алған кәсіпорындардың қызметін әрі қарай да жариялап, олардың экология мен орнықты даму саласындағы нәтижелері туралы хабарлауды жалғастырады.