Бүгін брифинг барысында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірлерде коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамыту туралы айтып берді.
Ол жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілетінін, олардың басым бөлігі барлық жерде бөлек жинаудың болмауына, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі қуаттардың жеткіліксіздігіне байланысты полигондарда көмілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдамаға сәйкес республикада 2030 жылға қарай тұрғындарды қалдықтарды шығару бойынша қызметпен толық көлемде қамтамасыз ету және қалдықтарды қайта өңдеудің 40%-на қол жеткізу көзделген, ал қазіргі уақытта ол көрсеткіш 81% құрайды, 24% ғана қайта өңделуде (2023 ж.).
Өңірлердегі жағдайды жақсарту үшін әкімдіктерге коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функция жүктелген.
2023 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша ҚТҚ полигондарының саны – 3016 бірлікті құрады, оның ішінде экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес – 624 (20,6%).
Осыған байланысты қазіргі уақытта шағын және шалғай елді мекендерде қалдықтарды орналастырудың қолданыстағы орындарын (ҚТҚ полигондары) ресімдеу тетігі пысықталуда, атап айтқанда оларға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және құрылыс талаптары (қоршау, салмақ өлшеу жабдықтары, су мен санитарлық қорғау аймақтары, дозиметриялық бақылау, дезинфекциялық ванна және т.б.) талқылануда.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлейді. Бұл бағдарлама сонымен қатар жүйелі негізде инвесторларды тартуға мүмкіндік беретін болады.
Бұдан әрі Министр іс-шараға қатысушыларды «Экоколдау» автоматтандырылған жүйесінің іске қосылуы туралы хабардар етті, ал бұл туралы «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Е.Н. Сәрсенбай толығырақ айтып берді.
Атап айтқанда, ол «Экоколдаудың» мақсаты өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелеріне жататын қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды қолдау екенін атап өтті. Бұл механизм қалдықтарды басқару саласындағы бизнес-процестерді жеңілдетіп, елдегі экологиялық жағдайға оң әсер етеді.