ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі коммуналдық қалдықтарды басқарудың тиімді және кешенді жүйесін ұйымдастыру мақсатында арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамына облыс әкімдерінің орынбасарлары мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының басшылары, қалдықты басқару саласындағы қауымдастық өкілдері еніп отыр. Аталған жұмыс тобының атқарушы органы қызметі «Жасыл даму» АҚ-на жүктелді.
Жұмыс тобының қызметі аясында еліміздегі коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, оны кәдеге жарататын кешендер (өндірістер) салу бойынша ұсыныстар әзірлеу, мамандандырылған ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланатын болады. Жұмыс тобы өткізген мәжіліс қорытындысы негізінде 2023 жылдың 1 тамызына дейін коммуналдық қалдықтарды басқару саласын дамыту бойынша нақты ұсыныс әзірлеу көзделіп отыр.