Тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды насихаттау аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы №37 мектеп-лицейі мен №77 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған «Үздік Эко-Отбасы» конкурсы өз мәресіне жетті. 2 айдан астам уақыт көлемінде өткізілген эксперимент түріндегі байқауға 100 отбасы іріктеліп алынды. Конкурс аясында әр отбасы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, сұрыптаудың озық үлгісін көрсетті. Оқу процесі кезінде және байқау кезеңінде әрбір отбасы қалдықтарды сұрыптауды үйреніп қана қоймай, тауар тұтыну көлемін азайта алды. Алғашқыда шығарылған қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы салмағы 664 келі болса, кейін оның көлемі 307 келіге дейін төмендеткен. Мектеп өкілдері тарапынан оқушылар мен олардың ата-аналары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Байқауға қатысушылар әр апта сайын қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды сары пакетке салып жинады және оның көлемін жазып отырды.
Оқушы қалдықтарының көп бөлігі тамақ қалдықтарынан (негізінен сусындар мен шырындар) және кеңсе заттарынан тұрады. Қатысушылар мен олардың отбасы мүшелері сатып алуды ұтымды жоспарлау тәсілі ақша шығыны мен қоқыс шығаруды азайтатынын түсінеді. Сондай-ақ, оқушылар пластик қаптамалардың адам денсаулығына зиянын терең түсінді. Экперимент барысында кейбір отбасылар жанұя бюджеттін ұтымды пайдалану арқылы пластикті пайдалануды азайту керек деген қорытындыға келген. Нәтижесінде кейбір отбасылар тұрмыстық мақсаттарда пластикті қайта пайдалану есебінен ҚТҚ санын азайтуға болатындағына көз жеткізген.