ҚР ЭТРМ: ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау әлі басталған жоқ
Баспасөз орталығына оралу

ҚР ЭТРМ: ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау әлі басталған жоқ

Қазақстандықтар ескі автокөліктерін кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын ала алады деген ақпараттың кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында таралуына байланысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ төмендегіні түсіндіреді.

Қазіргі уақытта пайдаланудан шыққан көлік құралдарын кәдеге жарату бағдарламасы аясында қабылдау да, жеңілдік сертификаттарын беру де жүзеге асырылып жатқан жоқ.

Мұндай жарияланымдарға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 6 қазандағы №252 бұйрығының қабылдануы себеп болды. Аталған бұйрық көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжаттарды беру, сондай-ақ жеңілдік сертификаттарын беру және пайдалану тәртібін айқындайды.

Алайда бұл бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның нақты іске қосылғанын немесе автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау басталғанын білдірмейді. Құжат бағдарламаны жүзеге асырудың құқықтық тетіктерін белгілейді. Бағдарламаны нақты іске қосу үшін тиісті ұйымдастырушылық рәсімдерді аяқтау қажет.

Бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі. Алайда бұл күн көлік құралдарын қабылдау мен жеңілдік сертификаттарын берудің басталу күні болып табылмайды.

Қазіргі уақытта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп, пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қабылдап, оларды кейіннен кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін қайта өңдеушілерді іріктеу жұмыстарын жүргізуде.

Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті шарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның іске қосылу мерзімі, оған қатысу шарттары және қабылдау пункттерінің мекенжайлары туралы ақпарат Министрлік пен «Жасыл даму» АҚ-ның ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланады.

Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарын нормативтік қағидалардың бекітілуі мен бағдарламаның нақты іске қосылуының аражігін ажыратуға, ал азаматтарды уәкілетті ұйымдардың ресми ақпаратына сүйенуге шақырамыз.