Соңғы үш жылда Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарына (ЕҚТА) келушілер саны 2,4 миллионнан 3,9 миллионнан астам адамға дейін өсті. Бұл туралы Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсенің баспасөз қызметі хабарлады.
«Соңғы үш жыл ішінде Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарына келген туристер саны 1,5 миллион адамға артты. Республика ұлттық парктерінде туристік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жақсартылып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы ЕҚТА-ларға 2,4 миллионнан астам адам, 2024 жылы 2,8 миллионнан астам адам, ал 2025 жылы 3,9 миллионнан астам адам келген», – делінген хабарламада.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы көлемі 31,1 млн гектарды немесе ел аумағының 11,4%-ын құрайды.
ЕҚТА жүйесіне республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қорықтар, ұлттық парктер, табиғи резерваттар, ботаникалық бақтар, қорық аймақтары, қорықшалар, табиғат ескерткіштері мен дендрологиялық парктер кіреді.
Қазіргі уақытта ұлттық парктерде 121 туристік маршрут пен 35 экологиялық соқпақ жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңа бағыттар ашу, туристік инфрақұрылымды дамыту және бақылау-өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
«Туристерді ұлттық парктерге бару қағидаларымен, туристік маршруттарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарымен таныстыру және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ақпараттық жұмыстарды жүргізу мақсатында инвесторлар салған "Іле-Алатауы", "Шарын" және "Алтын-Емел" ұлттық парктерінде визит-орталықтар жұмыс істейді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі "Жасыл даму" АҚ-мен бірлесіп "Таза туризм" бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама аясында ұлттық парктерге қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер мен қоқыс жәшіктері, ақпараттық баннерлер және фандоматтар орнатылып, келушілерге қалдықтарды өздері жинап, аумақтан алып шығуға арналған биоыдырайтын пакеттер таратылады.
Сондай-ақ ұлттық парктерде мектеп оқушыларының, студенттердің, жергілікті тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен "Таза Қазақстан" табиғатты қорғау акциялары тұрақты өткізіліп келеді. 2025 жылы осындай 874 акция ұйымдастырылып, оған 283,3 мыңнан астам адам қатысты», – деп хабарлады жобалық кеңсе.
Фото: caclimate.fund