13 қазаннан бастап істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын жоюға қабылдау әкімдіктер мен шаруалардың басын қосатын қауымдастықтар беретін тізімдерге сәйкес жүзеге асырылады. Салалық қауымдастықтар мен жергілікті атқарушы органдардың мамандары өз аймағындағы фермерлер мен шаруалардан техниканы жоюға тапсыруға қажетті сұранымдарды қарайды. Одан әрі агротехниканың тізілімін техника иелерінің деректерімен бірге ӨКМ Операторына жібереді. Берілген ақпарат негізінде меншік иелерінен тракторлар мен комбайндарды қабылдауға кезек ашылады. Осылайша, агротехниканы жоюға тапсыру үшін сатып алып, электронды кезек жүйесінде орын алған делдалдардың жолы жабылды. Салалық қауымдастықтармен және жергілікті әкімдіктермен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде еншісінде ескі агротехниканы жоюға тапсыруға ниет білдірген шаруа қожалықтарының алдын ала тізімдерін қалыптастыру туралы ортақ шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта қауымдастықтар мен әкімдіктер істен шыққан 437 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын тапсыруға тізім берді. Ұсынылған бастапқы тізімде Түркістан, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысынан 158 шаруа қожалығы 252 комбайн және 185 трактор тапсыратындығын көрсеткен. Қазір деректер auto.recycle.kz жүйесіне енгізілуде. Соның нәтижесі бойынша өңірлерге байланыстыра отырып, агротехниканы кәдеге жаратуға тапсырудың кестесі шығарылады. Сонымен қатар, шаруалар өздерінің ескі техникаларын тапсыруға ниет білдіріп, салалық қауымдастықтарға немесе өз аймағының әкімдігіне барып, кәдеге жаратуға берілетін техника туралы мәліметтерін бере алады.
Естеріңізге сала кетейік 13 қазаннан бастап ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға қабылдау қайта басталады. ҚР Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму және экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеуге қабылдауға қосымша 1000 квота бөлген болатын. Оның 580 тракторға, 420 комбайнға қарастырылған.
Ауылшаруашылық техникасын жеңілдік сертификатына алмастыратын бағдарлама еліміздің 14 аймағында жұмыс істейді. Айта кету керек жеңілдік сертификатының құны тапсырылатын техниканың түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланады.
Айталық толық жиынтықтағы комбайнға 2 млн теңгеге жеңілдік сертификаты берілсе, толық емес жиынтықтағы комбайнға 1,5 млн теңгенің сертификаты ұсыналады. Сондай-ақ толық жиынтықтағы тракторларға 1 млн теңге, толық емес жиынтықтағы тракторға (шынжыр табанды немесе дөңгелекті) 560 мың теңгенің сертификаты беріледі.
Жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған кез келген санаттағы көлікті сатып алған кезде қолдануға болады. Сертификат берілген күннен бастап 12 айға жарамды.