– Жұмыс кестеге сәйкес атқарылуда. Ендігі кезекте электриктер, бағдарламашылар келіп жұмысты жалғастырады. Олар қоқыс сұрыптауға арналған аппараттарды іске қосады, – дейді жоба менеджері Костас Соламадис.
Мамандардың айтуынша, кешен іске қосылған соң жылына 100 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдықтар сұрыпталады. Зауытқа келген қоқыстың пакеті арнайы машинада ашылады. Содан кейін төрт адамдық кабинада өңдеуге жарамсыз ірі қалдықтар қолмен алынып тасталады. Одан әрі барабан сепараторда ұсақ, ірі қалдықтар електен өтеді, баллистикалық сепараторда қалдықтар тойтарылады, магнит сепараторда қара металдар іріктеледі, құйын ток сепараторында алюминий металдарды сұрыптайды, оптика сепараторында қалдықтар сәуле арқылы жеке-жеке (мысалы, қағаз, пластик, целлофан) бөлінеді де соңғы кезең – нығыздауға жіберіледі. Бұл бөлімде сұрыптаудан өткен қалдықтар жиналып, бункерге сақтауға қойылады. Қойма толғанда қалдықтар нығыздалып, пакеттеледі де өңдейтін зауыттарға жөнелтіледі.
Автоматтандырылған Sabo брендінің жабдықтары Грекиядан 1,35 млрд теңгеге сатып алынып, қала әкімдігінің балансына берілмек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, автомат жабдықтарды басқаруға отызға жуық адам жұмысқа алынады. Одан бөлек төрт-бес адам күзетші ретінде жұмыспен қамтылмақ.
Қазірдің өзінде Өскеменде тұрғын үй аулаларына сары, көк және жасыл түсті қоқыс контейнерлері қойылды. Әрқайсысының сыртында қандай қалдықтарды тастау керегі тайға таңба басқандай етіп жазылған. Сары контейнер қағаз, пластик қалдықтарға, көк контейнер шыны ыдыстарға, ал жасыл контейнер тамақ қалдықтарына арналған. Ендігі кезекте халық түсініп, түйсініп қалдықтарды сұрыптап тастаса игі.
– Экологиялық ахуал әлемде ушығып тұрғандықтан, қоршаған ортаны таза ұстап, табиғи өнім тұтынғанымыз жөн. Егер тұрғындар қалдықтың бәрін бір контейнерге салса, жоба жұмысына айтулы кедергі келтіреді. Айта кетсек, әр контейнердегі қоқысты әртүрлі жүк көлігі зауытқа жеткізіп тұрады, – деді «ӨКМ Операторы» компаниясының директоры Медет Құмарғалиев.
Оның айтуынша, тұрғындардың макулатура, пластик, шыны және металл қалдықтарын қоқыс өңдеу зауытына тапсырып, табыс табуға да мүмкіндіктері болмақ. Елімізде қағаз, шыны қалдықтарды өңдейтін зауыттар бар. Бірақ олар шикізатқа зәру көрінеді. Сондықтан зауыт жұмысы қай жағынан болсын, тиімді болары анық. Қалдықтың 30 пайызы өңделсе, қалған тағам қалдықтары өңдеуге жарамайды. Олар қолданыстағы полигонға тастала бермек. Келесі жылдары қоқыс өртейтін зауыт салынуы мүмкін. Демек екі-үш жылдың ішінде өскемендіктер үшін қоқыс полигонының қажеті болмайды. Рас, қалада қоқыс полигонының мәселесі көп жылдан бері шешімін таппай келген. Ендігі кезекте табиғатты таза ұстау мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаға халық болып атсалысу керек.